Бүгін Қазақстан Республикасы Өңірлік министрлігінің алқа мәжілісінде Үкімет басшысы Серік Ахметов қаржыны игеруге қауқарсыз әкімдерді қатаң сынға алды.
«Әкімдерді бағалау критерилерінің бірі - тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын жаңғыртуға қатысты болатынын айтқым келеді. Бізде кейбір әкімдер бөлінген қаржыны игеруге қауқарсыз. Бұл тұрғыда «қаржыны игермесе, қаражатты қайтарып, игеруге қауқарлы өңірлерге қайта бөлу» ұстанымы жарамайды. Қаржыны игермесе, аудан мен қала әкімдерін қызметінен босатыңыздар. Облыс әкімдеріне осындай тапсырма жүктеледі. Мұндай мәселелерді шешпесе, әкім не істеп отыр?!», - деп қадап айтты Серік Ахметов.
Осы орайда Үкімет басшысы «Қолжетімді баспана» мен Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту бағдарламаларының қаржысын мақсатты әрі уақытылы игеру әкімдер үшін міндет екенін атап өтті.
«Бұл мәселені Қазақстан Республикасының Өңірлік даму министрлігі қатаң бақылауда ұстауы тиіс», - деді Премьер-Министр.