Әлихан Смайылов бюджетті игере алмаған министрлер мен әкімдерді атады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әлихан Смайылов бюджетті игере алмаған министрлер мен әкімдерді атады

14.04.2020
Әлихан Смайылов бюджетті игере алмаған министрлер мен әкімдерді атады

Бүгін Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары - Қаржы министрі Әлихан Смайылов бюджет қаражатын игере алмаған министрліктер мен әкімдіктерді атады.

«Мемлекеттік бюджет шығыстары - 98,7, республикалық - 99,5, жергілікті бюджеттер 97,7 пайызға атқарылды. Республикалық бюджет шығыстары 2 трлн 971 млрд теңгені құрады. Өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда өсу қарқыны 109,8 пайызды, яғни 265 млрд теңгені құрады. Бюджет қаражаты 15 млрд теңгеге атқарылмады. Оның 4 млрд теңгесі үнемдеу болды. Ал, игерілмеу сомасы 11 млрд теңгені құрады. Бұл 2019 жылдың 1 сәуіріндегі көрсеткіштен 2 есе аз», - деді Әлихан Смайылов. 

Оның дерегінше, игерілмеген ең ірі сомалар Әділет, Денсаулық сақтау министрліктерінде және Ұлттық қауіпсіздік комитетінде қалыптасып отыр.

«Жергілікті бюджеттердің шығыстары 1 трлн 213 млрд теңгеге игерілді. 29 млрд теңге орындалмады. Биыл өңірлерге 1 трлн 499 млрд теңге нысаналы трансферттер қарастырылған. Алдын ала деректер бойынша, бірінші тоқсанда оларға 190,5 млрд теңге бөлінді. 97,1 пайызы немесе 184,9 млрд теңгесі игерілді. Орындалмау сомасы 5,6 млрд теңгені құрады. Оның 0,9 млрд теңгесі - бюджет қаражатын үнемдеу, игерілмеу - 4,7 млрд теңге», - деді бірінші вице-премьер. 

Осы ретте Әлихан Смайылов ең көп игерілмеген қаражат Нұр-Сұлтан мен Шымкент қалаларында және Ақмола мен Атырау облыстарында қалыптасып отырғандығын айтты.

Хабарламаларға жазылу