30 қаңтар күні М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрында Ғарифолла Есімнің «Таңсұлу» әңгімесінің желісі бойынша дайындалған сахналық туындысы көрерменге жол тартпақ. Драма сондай-ақ, 1, 6, 12 ақпан күндері де көрермен назарына ұсынылады.
Мұхтар Әуезовтың «Ел болам десең, бесігіңді түзе», деген сөзі қыз өсіруге ерекше мән берген қазақ үшін – қағида. Толықсып бойжетіп, өз теңіне ұзатылғалы отырған, атына заты сай Таңсұлудың тағдыры ғасырлар бойғы қазақ қыздарының еншісі.
Тұтқынға түскен ару, көз құрты болған сұлулығын өз еркімен тәрк етеді. Ұрпағын аман сақтап, махаббатына да қылаң түсірмейді. Қанша қиын күн туса да, мойымай, ұлына бабалар рухын жырлайды.
...Өзінің мұндай талайлы тағдырын он жасында түсінде көрген Таңсұлу - Ұлы даланың жазылмаған заңы - тектілік пен намыстың символы іспеттес.
Туындының қоюшы-режиссері – Алма Кәкішева, қоюшы-суретшісі – Қабыл Халықов.
Спектакльдің қоюшы-суретшісі Қабыл Халықов: «Таңсұлу» спектаклінің сұлулық ерекшелігі, сахнаға бейімділігі – ерекше сценография жасауға мүмкіндік беріп тұр. Мақсат – қазақы мәдени кеңістікті көрерменге көрсету, тәрбиелік мәні зор туындыны жастарға үлгі ету.
Екіншіден, М.Әуезов театрының спектакльдеріне толықтыру ретінде ұлтымыздың мәдениетін одан әрі байыта түсетіндей осындай бір өрнекті, қазақы спектакльді керек еткендіктен, осы қойылымды қолға алдық. Әсемдік пен мағыналылықты үйлестіру – осы «Таңсұлуда» іске асты»,-дейді.