Сергей Корчинскийдің есімі бокс жанкүйерлеріне жақсы таныс. 2012 жылы «Астана арландарына» бас бапкер болып тағайындалған украиналық маман елімізге келе салысымен зор табысқа жетіп үлгерді. Былтыр «Астана арландары» клубы Бүкіләлемдік бокс сериясының жеңімпазы атанды. Бұл жеңіске бас бапкердің қосқан үлесі орасан зор. Клуб үшін өз біліктілігін паш етіп, сан жылғы тәжірибесін боксшылармен бөлісе білген Сергей Корчинский осыған дейінгі ірі жеңістерге өзінің еңбекқорлығының арқасында жеткен.
2013 жылы Алматыда өткен әлем чемпионаты кезінде Сергей Корчинский Бүкіләлемдік бокс сериясының ең үздік бапкері атағын жеңіп алды. Оны AIBA президенті Чинг-Куо Вудың өзі марапаттады.
Сергей Корчинскийді Бүкіләлемдік бокс сериясының ең үздік бапкері деп тануы бекер емес. Украиналық маман «Астана арландарына» келмес бұрын Италияның «Милан» клубын жаттықтырып, 2012 жылдың көктемінде Бүкіләлемдік бокс сериясының жеңімпазы атанған. Былайша айтқанда, Корчинский Бүкіләлемдік бокс сериясының екі дүркін чемпионы. Оның төл шәкірті, қазіргі күні «Астана арландарының» намысын қорғайтын Сергей Деревянченко да аталған жобаның бас жүлдесін екі рет жеңіп алған.
Естеріңізге сала кетейік, бүгін «Astana Arlans» әзірбайжандық «Baku Fires» командасымен кездеседі. Жарысты 21.00-де «KAZsport» телеарнасынан тікелей эфирде көре аласыздар.
astanaarlans.kz