Кеңестік кезеңде ана бейнесін барлық қырынан батыл көрсете білген бірнеше фильм жарыққа шықты. Ал қазақ киносы ана бейнесін қалай көрсете алды?
Бұл ретте «қазақ киносының анасы» атанған Әмина Өмірзақова сомдаған барлық рөлдерге тоқталуға болады. Бірақ, біз үшін қазақ киносындағы ең алғашқы ана бейнесі ол – соғыс уақытында жарларын, ұлдарын сағынышпен күткен, күні-түні майдан үшін аянбай еңбек еткен, өмірдің барлық ыстығы мен суығына төзген «Ана туралы аңыз» фильміндегі ана бейнесі.
Бұл кинода ана бейнесі отбасының ұйытқысы ғана емес, Отанның символы ретінде де бейнеленді. Фильмнің соңына қарай кейіпкер хат оқитын дәрежеге дейін көтеріледі. Өйткені, бар өмірі майданнан үшбұрышты хат күтумен өтіп жатқан ол өздігінен сауат ашып, ақыры ауылдың хат тасушысы болады.
1964 жылы Ленинградта өткен Бүкілодақтық кинофестивальде Әмина Өмірзақова осы рөл үшін «Ең үздік әйел рөлі» жүлдесін жеңіп алды.
Көшпенділіктен отырықшылыққа көшіп, таптық бөліністен кейін өз құқығын қорғаған қазақ әйелдерінің де бейнесі кинодан тыс қалмады. 1940 жылы жарыққа шыққан «Райхан», «Дала қызы», «Ботагөз» фильмдері соның айғағы. Сонымен қатар, «Гауһартас», «менің атым – Қожа» фильмдерінде де ана бейнесі көрініс тапқан.
Шәкен Айманов режиссерлік еткен «Тақиялы періштедегі» Тана апайдың рөлінен аттап өте алмаймыз. Әмина Өмірзақованың шебер сомдауындағы Тана жеңгей өте сәтті шыққан бейне деп айтуға болады.
Әмина Өмірзақова, Бикен Римова, Жанна Қуанышева сомдаған ана образдары бүгінгі қазақ қыздарына – үлгі, келіндеріне – өнеге.