Қазақстанда дәрі-дәрмектің бағасы әлі реттелген жоқ. «Осы айдың басында тиісті құжат күшіне енгенімен, елдегі дәріханаларда препараттар түрлі бағамен сатылып жатыр»,- деп шағымданды тұрғындар. Бірыңғай баға саясатын қалыптастыруға бағытталған Денсаулық сақтау министрінің бұйрығы не үшін әлі орындалмай жатыр?
Осы айдың басында бағаны реттейді деген құжат күшіне енген болатын. Бұл бұйрықтың негізінде елде дәрі-дәрмек нарығында шекті баға бекітілді. Яғни дәрінің атауы, құрамы, сапасы бірдей болса, сәйкесінше баға да бірдей болуы тиіс. Өйткені осыған дейін елдегі дәріханаларда баға айырмашылығы екі-үш есеге дейін жететін.
Людмила Бюрабекова, ҚР ДСМ Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрағасы:
Саудалық атауы бар дәрілік өнімдердің әрқайсысына бірыңғай баға қойылды. Яғни бұл баға барлық жерде бірдей болуы тиіс. Қазір дәріханалардың бәрінде бірыңғай бағамен сатыла бастады.
Бірақ құқықтық құжаттың талабы орындалмай жатқанға ұқсайды. Ақтаулық Маңдайлы Өтеғалиева ұзақ уақыттан бері қант диабетімен ауырады. 10 жыл бойы тұрақты ішіп келе жатқан дәрілері бар. Яғни қай препарттың қай дәріханада қаншаға сатылатынын жақсы біледі. Дегенмен, көптен күткен бір баға саясатын байқамадым деп налыды.
Маңдайлы Өтеғалиева, Ақтау қаласының тұрғыны:
Әр жерде әр түрлі баға. Біркелкі баға жоқ. Алатыным «Диабетон» деген дәрі. Ол әр жерде әр түрлі. 2000-нан да бар. 2200- ден, 2400- ден де бар. Кейде тіпті 2800-ден де сатады. Бұл не деген жағдай? Шынында, «Диабетон» тегін алатын дәрі бірақ бізге келмейді.
Біздің түсіру тобы да дәріханаларға барып, бағаларды бағамдап қайтты. Жоғарыда кейіпкеріміз айтқан «Диабетон» дәрісі Нұр-Сұлтан қаласында да әр түрлі бағада сатылып жатыр.
Асима Нұрбайқызы, тілші:
Міне, өздеріңіз көргендей, біз барған дәріханалардың барлығында баға әр түрлі. Яғни ешқандай да дәрілерге шекті баға әзірге қойылмаған.
«Құқықтық құжаттың талабын елеп-ескермеген мұндай дәріханалар жазаланады»,- деді жауаптылар. Алайда, әзірге тек ескерту берумен ғана шектелмек. Өйткені препараттарды жеткізіп, саудалайтын фармкомпанияларға жаңа талаптың ережелеріне үйренгенше уақыт берілмек.
Асима НҰРБАЙҚЫЗЫ