Елордада бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордада бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті

18.04.2019

Астана медицина университетінде түлектерді жұмысқа орналастыру бойынша жәрмеңке ұйымдастырылды. Биыл аталмыш оқу орнын мыңнан астам түлек бітіргелі отыр. Оның 35 пайызы әрі қарай оқуын жалғастыруға ниетті болса, қалған 65 пайызы қызметке кіріседі.

Жәрмеңкеге елорданың, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстарының медициналық ұйымдарының 100-ден астам өкілі қатысты. Олар бос орындар туралы жас мамандарға арналған әлеуметтік қолдау жайында ақпаратпен бөлісті.

Айта кетейік, еліміздің медициналық ұйымдарын кадрлермен қамтитын шара жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келеді.

Гүлнар Жақсылықова, Астана медицина университетінің оқу және тәрбие ісі жөніндегі проректоры:

- Биылғы жәрмеңкенің ерекшелігі - түлектер алдын ала электрондың еңбек биржасында өздерінің болашақта жұмыс істейтін клиникалық базасын таңдап, тіркелген.

Ғабит Елтаев, студент:

- Осыдан 7 жыл бұрын ауыл квотасы жеңілдігі бойынша осы университетке түстім. Бүгінгі таңда педиатрия мамандығы бойынша бітіріп жатырмын. Өзім Қызылорда облысындағы аудандық ауруханаға жолдама алдым. Сол ауруханамен келісімшартқа отырып, сонда әрі қарай жұмысымды жалғастырамын. 

Фариза МҰСАҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу