Елордада алимент қарызы бар азаматтар үшін бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордада алимент қарызы бар азаматтар үшін бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті

04.06.2019

Алимент төлемей жүрген көкек әкелермен күрестің жаңа тәсілі пайда болды. Елордада алғаш рет жұмыссыз және мүлкі жоқ борышкерлер үшін бос орындар жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Шараға кадр тапшылығы бар барлық мекеменің өкілдерін шақыртылған. Олар үміткерлердің барлығымен бетпе-бет сөйлесіп, мүмкіндіктерімен танысты.

Виктор Ажель 1 жылдан бері жұмыссыз. 2 балаға алимент төлеуі керек. Тек тұрақты жалақысы бар қызметке орналаса алмай келеді. Мамандығы - электромонтер. Балаларына көмек қылу және өзіне нәпақа табу үшін бүгінгі жәрмеңкеден үлкен үміт күтіп келді.

Виктор Ажель, қала тұрғыны:

- Халықты жүмыспен қамту орталығына да жүгіндім. Ешқайда орналастыра алмады. Жәрмеңке туралы сот орындаушысы айтты. Барлық жұмыс берушіні әлі толық аралап үлгермедім. Мүмкін лайықты жұмыс табылып қалар.

Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 10 мың алимент төлеушінің ісі жеке сот орындаушыларының қолында. Бүгінде олардың 2 мыңнан астамы табысын жасырып, төлемнен қашып жүр.

Қаламқас Күлшиманова, Халықты жұмыспен қамту орталығы Жұмыс берушілерді қолдау бөлімінің басшысы:

- Бүгінгі күнге Жұмыспен қамту орталығының базасында 7 мың вакансия ашық тұр. Жұмыс берушілер соған жұмысшыларды іздеп жатыр. Оның 70 пайызының жалақысы 100 мыңнан көп деген мәліметтер түсті.

Сот орындаушыларына түсетін істердің басым көпшілігінде әкелердің алимент төлейтін жағдайы, тіпті тәркілейтін мүлкі де болмайды екен.

Ерлан Оңтаев, Нұр-Сұлтан қаласы жеке сот орындаушылар палатасының басшысы:

- Туған балаларынан әкелерінің қашып жүргені - ауыр мәселе. Осы бойынша министрліктер арасында меморандумға қол қойылған. Бұйрық болған. Сол бұйрыққа сәйкес борышкерлерді қазір біз жұмысқа орналасу туралы құжат ұсынып, оларға жұмысқа орналасуға осында жібереміз.

Сот орындаушысының бағыттауымен келген Виктор Ажель 2 компаниямен ауызша келісті. Алдағы күндері біреуіне жұмысқа орналасамын деп үміттеніп отыр.

Оңғар АЛПЫСБАЙҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу