Атырау облысында медициналық мекемелер сандық жүйеге көшті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атырау облысында медициналық мекемелер сандық жүйеге көшті

12.02.2019

Атырау облысындағы барлық медициналық мекемелер сандық жүйеге көшті. Осылайша, емханалардағы ұзын-сонар кезек азайып, ақхалаттылар қағазбастылықтан арылды. Енді тұрғындар мобильді қосымша арқылы өзі таңдаған денсаулық сақтау мекемесіне өтініш бере алады. Әркімнің электронды денсаулық паспорты бар. Онда әр науқастың ауру тарихы электронды желіде сақталып тұрады. Жыл басынан бері мобильдік қосымшаны 93 мыңнан астам адам пайдаланып үлгерген. Бірегей жобаның игілігін аймақтағы 34 медициналық мекеме көріп отыр. Цифрландырудың бюджетке де пайдасы зор. Мәселен, бір ғана медициналық ақпараттық жүйенің көмегімен биылдың өзінде 65 млн. теңге үнемделеді екен. Бұл қаржыға жаңа медициналық құрылғылар сатып алынбақ.

Айман Өтегенова, №3 қалалық емхана директоры:

- Бұл өте ыңғайлы. Тек қана науқастарға ғана емес, дәрігерлерге де және емхана басшыларына да. Өйткені, әр дәрігердің бүгінгі күнге қандай жүктемесі бар, оның неше науқас қабылдағанын, неше науқас қабылдап үлгермегенін біліп отырамыз. Бұл жүйе дәрігердің науқасқа көрсететін қызметінің сапасын көтереді.

Жандос ТЕМІРҒАЛИ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу