Фармация комитеті тексерінің нәтижесінде осындай деректер анықталды. Көп жағдайда жағымсыз әсер микробқа қарсы, бактерияға қарсы препараттар бойынша тіркеледі екен. Еліміздегі дәрілік заттардың және медициналық мақсаттағы бұйымдардың жағымсыз әсерлерін мониторингтеудің қорытындысы қандай?
Фариза Мұсақызы, тілші:
Кейбір дәрілер дертіңізге дерт жамап беруі мүмкін. Асхат дәрі-дәрмектен жазылып кетемін деп жүргенде, жазатайым оқиғаға тап бола жаздапты. Дәріханалардың бірінен антибиотик сатып алып, оны қабылдағаннан кейін тынысы тарылып, жағдайы күрт нашарлаған.
Асхат Байсұлтанов, қала тұрғыны:
- Өзімді жайсыз сезінгеннен кейін, дәріханаға барып дәрі-дәрмек алып, антибиотиктарды ішіп бастаған кезде денемде қышыма, бөртпелер пайда болып, одан сайын жайсыз сезіндім. Жедел жәрдем шақырған кезде олар маған дәріні ішпеуге кеңес берді. Содан кейін басқаша жолмен емделдім.
Елімізде медициналық ұйымдарда дәрілік заттардың жағымсыз әсерлеріне мониторинг 2005 жылдан бастап жүргізіледі. Дәрінің кері әсері Алматы мен Қызылорда облыстарында көптеп тіркеледі екен.
Биылғы тексерістің нәтижесінде 2282 препараттың жағымсыз әсері бар екені белгілі болды. Оның 77-сі ауыр жағдайға апарып соққан. Осыған байланысты, сотта 19 іс қаралып, 18 дәрі сатылымнан алынып тасталды.
Нұрлыбек Асылбеков, ҚР ДСМ Фармация комитеті төрағасының орынбасары:
- Жағымсыз жағдайға қатысты өлімдер болған. Оны өздеріңіз естіп, біліп жүрсіздер. Қарағандыда «Пропофол» дәрісіне байланысты бала өлімі болды. Былтыр 3,5 мыңнан аса жағымсыз әсер болатын болса, биыл одан 4 пайызға көбірек түсіп отыр.
Әсіресе, жарамдылық мерзімі өткен дәрілерді сату бойынша фактілер көп анықталған. Белгілі талаптарды сақтамай, науқастардың денсаулығы мен өміріне қауіп төндіргендермен министрлік әзірге тек айыппұл салу арқылы күресіп жүр. Мәселен, соңғы 9 айда аймақтарда дәрі-дәрмек дауына қатысты 102 әкімшілік іс қозғалып, 8 миллион теңгеден астам айыппұл салынған.
Фариза МҰСАҚЫЗЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.