Антибиотиктен абайлаңыз! Емге дауа деп ішкен дәріңіз уға айналуы мүмкін. Дүниежүзінің ғалымдары қуаты күшті дәрілердің салдарын айтып, дабыл қаққанына біраз болды. Ол себепсіз де емес. Өйткені, адам ағзасындағы микробтардың дені антибиотиктерге төзімді болып алады да, емнің әсері болмайды. Қазірде бұл мәселе әлемнің бірқатар елінде аса өзекті болып тұр. Біздің елімізде де қауіпті дәрілерге шектеу қоятын шаралар қабылданбай жатыр. Бүгін Астанада мамандар бас қосып, түйткілдің түйінін тарқату жолдарын талқылады.
Сауықтыруға сеп болады деп ойлап табылған дәрілер қазір сан соқтыруда. Тіпті, ұлт саулығына үлкен қауіп төндіріп отыр. Мұны Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мамандарының өзі айтып, дабыл қағуда. Дәрілерді мақсатсыз қабылдағанның кесірінен адамның ағзасы әлгі күші ең қуатты антибиотиктерге төзімді болып алады да, кейін еш әсер етпей қалады екен.
Олег Чеснов, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілі:
- Жақын жылдары антибиотик адамға мүлдем көмектеспейтін болады. Бұл - ғаламдық трагедияға ұласатын күрделі мәселе. Жағдай қазіргідей жалғаса берсе, жеңіл аурулардың өзін жаза алмайтын жағдайға жетеміз.
Өйткені, антибиотикке қол жеткізудің жолы жеңіл. Дәріханаларда дәрігердің нұсқауынсыз-ақ сатылып жатыр. Оны қадағалайтын да, шектеу қоятын да заң жоқ. Жиында мамандар бұдан да қорқынышты жайтты жайып салды. Дәрігерлердің өзі көп жағдайда науқасқа қауіпті дәрілерді қабылдауға қорықпай кеңес береді екен.
Айнұр Айыпханова, республикалық Денсаулық сақтауды дамыту орталығының директоры:
- Дәрігерлер медициналық тұрғыдан, себебі бар кезде ғана рецепт жазуы керек. Оңды-солды антибиотик ішіңдер деп айтпау керек.
Әсіресе, антибиотикті балалардан аулақ ұстаған жөн. Бірақ, дәріні бермедік деп көңілімізді жайлағанмен, дастархандағы тамақ арқылы ағзамыз ақырындап уланып жатыр. Жануарлар мен үй құстарын қолдан семіртудің астарында да антибиотик бар екен. Оны қадағалайтын, тыйым салатын, жазалайтын тағы да заң жоқ.
Олег Чеснов, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілі:
- Тауыққа антибиотик салса, 5 есеге тез өседі. Яғни, гармондық өсімі тез жетіледі. Міне, қауіп қайдан? Жер бетінде халық саны өсіп келеді. Алайда, алдымен ақша емес, ұлттың саулығын ойлау қажет қой. Сол себептен, мәселе тез арада шешілуі тиіс.
Бұл проблемаға дүниежүзі алаңдап отыр. Өйткені, қазірдің өзінде Еуропаның дамыған елдерінің біразында адам ағзасындағы инфекциялардың 45 пайызы ешқандай дәріні қабылдамайды екен. Қауіптің алдын алу мақсатында біздің елімізде арнайы бағдарлама әзірленіп жатыр. Ортақ құжат бекітілсе ғана ғаламдық қауіпке қарсы тұра аламыз.
Асима НҰРБАЙҚЫЗЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.