Келер жылы Қазақстандағы барлық емханалар мен медициналық орталықтар электронды құжаттамаға өтеді. Яғни, қағазбастылықтан құтылады. Ал, 2020 жылы еліміздің әрбір азаматында медициналық электронды паспорт болады. Астанада өтіп жатқан медициналық-санитарлық алғашқы көмек бойынша жаһандық конференция барысында Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев осылай деді.
Осыдан 40 жыл бұрын Қазақстанда Алматы декларациясы қабылданған болатын. Содан бері заман өзгерді, талап өзгерді. Жаңашылдықтарды қабылдау қажеттілігі туындады. Бүгін әлемнің 146 мемлекетінен жиналған екі мыңға жуық өкіл жаңа құжатты қабылдау үшін Астанадағы «Тәуелсіздік» сарайына жиналды. Бұл декларацияда басымдық әсіресе, цифрландырылуға беріліп отыр.
1978 жылы қабылданған Алматы декларациясында жалпы тәжірибедегі дәрігерлердің мәртебесі айқындалды. Яғни, содан бері ауырған адам бірден ауруханаға емес, емханаға баратын болды. Нәтижесінде әлем бойынша өлім-жітім 80 пайызға азайды. Содан бері ауру түрлері ғана емес, саясат та, технология да, экология да өзгерді.
Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
- Жалпы, эпидемиологиялық аурулардың түрлері өзгерді. Қазіргі күнде ең маңызды аурулар ол инфекциялық емес, хроникалық созылмалы аурулар. Ал, екіншіден, көп жаңа саясат және әлеуметтік факторлар қосылып жатыр. Сонымен қатар, агломерация, миграция және ғылыми техникалық прогресс бар.
Астана декларациясы 21 ғасырдың талабына сәйкестендіріліп жазылған. Маңызды құжат 1 мыңнан астам әлем сарапшысының алдынан өтті. Бастысы, бұл құжат еш елдің саяси ұстанымына қайшы келмейді.
Айнұр Айыпханова, республикалық Денсаулық сақтауды дамыту орталығының бас директоры:
- Астана декларациясының ерекшелігі, алғашқы медициналық-санитарлық көмектің болашақта қалай дамуын айқындайды. Мысалы, медицина адамдарға сапалы, қолжетімді болуы үшін мемлекет басшылары не істеу керек? Өзінің денсаулығын сақтау үшін адамдар не істеуі керек? Медициналық қызметкерлер қалай жұмыс істеуі керек?
Ульяна Супрун, Украина Денсаулық сақтау министрі:
- Соңғы жалдардағы технологиялық революцияның әсерінен Украинадағы медициналық жағдай айтарлықтай өзгерді. Сондықтан, жаһандық жаңашылдықтарға ілесіп жүру біз үшін де аса маңызды. Сондықтан, біз әлем елдерінің тәжірибесін де үйренгіміз келеді. Ал, декларация арқылы ортақ мәмілелерге келу мүмкіндігіміз артады.
Астана декларациясына сәйкес, шағын амбулаториялардың саны көбейеді. Ол жерлерге соңғы технологиялардың енгізілуі, цифрландыруға бетбұрыс - басты міндеттердің бірі. Сондай-ақ, медицина саласында қызмет ететін мамандардың біліктілігіне де ерекше мән берілмек. Себебі, басы ауырып, балтыры сыздағандардың барлығы алдымен жалпы тәжірибедегі дәрігердің көмегіне жүгінеді.
Талғат Нұрғожин, медицина ғылымдарының докторы, профессор:
- Ауылда туған адамдардың қалада туған адамдардан несі кем? Ештеңесі де кем емес. Сондықтан, оларға денсаулықты сақтауға қаладағыдай мүмкіндік беру керек. Астана декларациясының ең негізгі мақсаты осы.
Бүгін қабылданған құжатта көрсетілген барлық міндеттерді жүзеге асыру қыруар қаржыны қажет ететіндігі анық. Сондықтан, денсаулық сақтау саласына бөлінетін ақшаның үлесін арттыру да бұл құжатта анық көрсетілген.
Оңғар АЛПЫСБАЙҰЛЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.