Астана перзентханасында бесінші ана өлімі тіркелді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астана перзентханасында бесінші ана өлімі тіркелді

03.09.2018

Астанада тағы да жүкті әйел қайтыс болды. Есімі Әльфия Спабекова, жасы 35-те. Оқиға кеше кешкісін «ЭКСПО» маңындағы №1 перинаталды орталықта болған. Сорақысы сол, бұған дейінгі төрт келіншек те дәл осы жерде көз жұмған еді. Айы-күні жеткен Әльфия 29-тамыз күні перзентханаға өзі барыпты. Сол уақыттан бері 4 күн бойы жолдасы, туыстарымен телефонмен сөйлесіп жүріпті. Байланыс тек қыркүйектің бірі күні кешке таман үзілген. Дәрігерлер келіншектің жақындарын жағдайы ауыр деп шақыртқан. Алайда, олар жетем дегенше жүкті әйелдің жүрегі тоқтапты. Сол мезетте дәрігерлер кесір тілігін жасап, іштегі баланы алған. Қазір нәрестенің жағдайы ауырлау, жансақтау бөлімінде жатыр.

Мамандар сәбидің көп мөлшерде су жұтып қойғанын айтыпты. Ал, әйелдің өліміне себепші болған іштегі су депті. Су көтеріліп, жүрек қан-тамырларын қысып тастаған. Дәрігерлердің берген қорытындысы - осы. Және Әльфияда қант диабеті мен бүйрек сырқаты да болыпты. Марқұмның артында жаңа туған сәбиі мен тағы 13 және 7 жастағы  балалары қалды. 

Айта кетейік, бұл Астана перзентханасындағы бесінші өлім. Маусым мен шілде айында дәл осы орталықта төрт келіншек қайтыс болған еді. Олардың өліміне себепші болған не нәрсе екенін құзырлы мекеме әлі жариялаған жоқ. Денсаулық сақтау басқармасына хабарласқанымызда, бүгінгі жағдай бойынша да, төрт келіншектің жайы бойынша да ертең жиын өткізетіндерін айтты.  

Сәуле АЛДАМҰРЫТҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.               

Хабарламаларға жазылу