«Тегін медициналық дәрі-дәрмекпен қамтылған тұрғындардың саны соңғы 5 жылда 15 пайызға өсті». Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов халық алдындағы есеп беруі кезінде осылай деді. Қазіргі уақытта Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен тығыз байланыс орнатылған. Соның арқасында бұрын Қазақстанда болмаған, бірақ, аса қажетті дәрілерді жеткізуге мүмкіндік туып отыр. Осылайша, тегін дәрі-дәрмекпен қамту тұрғысындағы мәселелер толық шешімін таппақ. Тіпті «келер жылдан бастап өңірлердің берген тізімі бойынша препараттар 100 пайыз жеткілікті болады», дейді ол. Тұрғындардың арыз-шағымын тыңдап, мәселелердің біржақты болатындығын жеткізген министр медициналық қызметтің сапасына да тоқталды. Саланы цифрландыру арқылы дәрігерлерге түсетін жүктеме едәуір азайтылмақ.
Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
- Келер жылдан бастап біз қызметкерлерімізді қағазбастылықтан толық босатамыз. Қазір олар барлығын қағазға жазып, жұмыстың соңында электронды базаға енгізеді. Шынында бұл жұмысты 2 есеге көбейтіп отыр. Сондықтан, электронды медициналық карта барлығына міндеттелетін болады. Осылайша, дәрігерлер қағаз толтырумен емес, адамдарды емдеуге көбірек көңіл бөлетін болады.
Оңғар АЛПЫСБАЙҰЛЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.