Тегін дәрі-дәрмек уақытылы жеткізілмейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тегін дәрі-дәрмек уақытылы жеткізілмейді

25.02.2019

Ақмола облысының тұрғындары тегін дәрі-дәрмекті дер кезінде ала алмай отыр. Негізі арнайы есепте тұрған науқастарға 177 түрлі препарат тегін берілуі тиіс. Алайда, қажет дәріні әзер алады. Шалғай елді мекендерде ғана емес, облыс орталығының өзінде осындай жағдай.

Көкшетау қаласының тұрғыны Нина Иващенко қант диабетімен ауырады. 76 жастағы әжейдің ауырмайтын жері жоқ. Ол аздай бір перзенті туғаннан мүгедек. Сондықтан тегін дәрі-дәрмек ауадай қажет. 

Нина Иващенко, қала тұрғыны:

- Желтоқсан-қаңтар айларында қажетті дәрілерімді берген жоқ. Емханаларға қанша бардым, басқармаға да хабарластым. Айтатын жауаптары бір. Күтіңіз дейді. Мен қалай күтемін? Өзім сатып алайын десем, қымбат. Менің қалтам көтермейді.

Ақмола облысында ақысыз дәрі алатындар саны 120 мыңға жуық. Жүрек қан тамыр аурулары, қант диабеті, созылмалы вирусты гепатит, қатерлі ісік, сал ауруы т.б ауыр індетке шалдыққандарға дәрі-дәрмекті уақытылы қабылдау қаншалықты маңызды екенін айтпаса да түсінікті. Ал, денсаулық басқармасындағылар кешіктірмеудің қамына енді кіріскен сыңайлы. Өңірге медициналық препаратты жеткізудің жаңа кестесі түзіліп жатыр.

Болат Әбішев, облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары: 

- Облыста кешенді шаралар қабылдануда. Тегін дәрі-дәрмекті жеткізетін бірыңғай дистрибьютор «СК-Фармация» тарапынан кешігу болды. Ол сатып алуға және заңдық рәсімдеуге байланысты. Бұл мәселе біздің бақылауымызда. Кез келген мәселе бойынша тұрғындар облыстық басқармаға хабарласа алады.

Бүгінде облыста тұрғындарды тегін дәрі-дәрмекпен қамту үшін 235 миллион теңгеге 177 түрлі препараты сатып алынған. Олар дәріханаларға жеткізілуде. Көкшетау бойынша бұл қызметті 26 жеке дәріхана жүзеге асырады. Облыста биыл тегін дәрі-дәрмекке 5 миллиард теңге қарастырылған.

Ермек ЕЛБЕНГЕН

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу