Психоневрологиялық диспансерде есепте тұрған науқас балғындардың ата-аналары мемлекетке наразы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Психоневрологиялық диспансерде есепте тұрған науқас балғындардың ата-аналары мемлекетке наразы

25.06.2018

Себебі, олар 2016 жылға дейін жылына бір рет шипажайларға жолдама алып келсе, соңғы екі жылда ол жеңілдіктен қағылған. Онсыз да тағдыр тауқыметін тартқан балалардың енді бұл мүмкіндіктен айырылуын ата-аналар қауымы қоғамнан шеттету деп санайды.

Раушан Сайлауқызы, тілші:

- Мүмкіндігі шектеулі жан десе мүсіркей қарайтынымыз бар. Бірақ, олар кемтар болса да, өмірге құштар, көңілдері жасық болса да, бойында ерекше дарыны бар балалар. Ал, ортаға бейімдеп, талантын танытып, жанына дәру сыйлау үшін көп дүние қажет емес. Бар болғаны, ортадан оқшауламай, мейірім-махаббатымызды төксек болғаны.  

Бұл - Бекдос Нұрәлі. Жасы үшке таяды. Даун синдромымен науқастанады. Аяғын жуырда басса да, қалыпты өмірге бейімделуі екіталай.

Гүлнәр Дәуренбекова, Тараз қаласының тұрғыны:

- Бұл балалар жан-жаққа ешқандай қауіп төндірмейді. Бұлар да демалғысы келеді. Сол себептен де барлық ата-аналар тарапынан сұранамыз.

Елімізде Бекдос сияқты психодиспансерлік тіркеуге алынып, церебральды паралич, аутизм, даун ауруларымен науқастанатын 21мыңнан астам бала бар.  Мұндай ерекше балғындарға ерекше күтім керек. Өйткені, иммунитеті төмен. Жиі науқастанады. Ал өздігінен таза ауа, табиғат аясында шипалы ем қабылдау үшін  қыруар қаржы қажет.

Гүлнара Толтанова, қала тұрғыны:

- Менің қызым дені сау балалардың ортасында жүрді. Ол жерде дені сау балалар құсап жүруді, ойнауды, күлуді үйренді. Жетістігі де жақсы болды.

Ата-аналар тарапы бұл мәселені көтеріп, Денсаулық сақтау, Еңбек және әлеуметтік қорғау министрліктеріне бірнеше мәрте  хат жазған. Сөйтсе, ең ауыр диагнозбен тіркелген балаларға ғана шектеу қойылу тиіс еді. Алайда, 2016 жылы өзгерген заңда жекелей жіктемеген, жалпылай жазылып кеткен. Мамандар осыны сылтауратып, екі жылдан бері еш негізсіз жолдама беруді тоқтатқан. Тіпті, кейбірі олардың ортаға қауіп төндіретінін алға тартқан.  Олқылықты енді ғана аңғарған мінбедегілер биыл заңға қайтадан түзету енгізбек. 

Айгүл Сүлейменова, Республикалық ғылыми-практикалық психикалық денсаулық орталығының бөлім меңгерушісі:

- Ол тізбеде 156 пункт бар. Осы тармақтың 1,2,3 тармақшаларында атап өтілген қарсы көрсетілім жоқ науқастар жолданады. Оларға 1-2 А динамикалық бақылау топтары, динамикалық-бақылау топтарына кіретін, асқыну кезіндегі созылмалы аурулары бар, өзінше қимыл-қозғалыс жасай алмайтын, қабілетсіз тұрақты, арнайы күтімді қажет ететін науқастар кіреді.

Осылайша, биыл тамыз айынан бастап, шипажайға жолдама қайта берілетін болды. Бұл жеңілдік Бекдос сияқты мыңдаған балғынның дертіне дәру, жанына шипа болып қана қоймай, ортаға бейімделіп, қоғамнан өз орындарын табуына ықпалын тигізер бәлкім! 

Раушан САЙЛАУҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу