Елімізде 3D технологиямен протез жасау қолға алынды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде 3D технологиямен протез жасау қолға алынды

17.04.2018

Алматыда 3D технологиямен жасалатын протезге сұраныс көп. «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында республикалық протездік-ортопедиялық орталық мамандары қазір қызу жұмыс істеп жатыр. Осы заманға сай әдіспен дайындалған жүруге икемді протезді қолданып жүрген пациенттер де дән риза. Бір аяғынан айырылса да, мамандардың көмегімен еркін жүріп-тұратын жандардың бұл жаңалыққа деген көзқарасын тілші Нұрлан Асқарұлы біліп келді.  

Павел Белов - құрылыс жұмыстары кезінде электржелдеткіш контейнерге аяғы қысылып, жарақаттанған. Күн суық болған соң аяғы үсіп қалған. Сөйтіп, айдың-күннің аманында бір аяғынан айырылды. Дегенмен, дәрігерлер оған екі аяғынан тік тұрып, жүріп-тұруына мүмкіндік берді. Оған былтыр әлеуметтік оңалтуды дамыту ғылыми-тәжірибелік орталығы 3D принтері технологиясымен дайындалған протезді тегін жасап берді.

Павел Белов, Алматы облысының тұрғыны:

- Бұрын маған әдеттегі протез салып берген. Ол ауырлау болатын. Бір апта жүрсем, екі апта емделетінмін, аяқты қажайтын. Жұмысым көп қимылдауды қажет етеді, күніне 12 сағат. Сондықтан, бұрынғы протез қолайсыз еді. Сынып қалған кездері де болды. Ал, 3D принтерімен жасалған протезді киіп жүргеніме көп болған жоқ. Міне, енді балдақсыз-ақ, жарау аттай жорғалап жүрмін. Сондықтан, дәрігерлерге алғысым шексіз.  

Жалпы, әлемде 3D принтері өндірістің барлық саласында қолданылады. Бұл үрдістен еліміздегі протез жасаушылар де кеш қалмай, сол технологияны меңгеруге ден қойған. Мәселен, мына 3D принтері протездің негізгі қаңқасын дайындап жатыр. Бұл іс компьютерде аса қиындық тудырмайды. Тек қажетті үлгіні арнайы бағдарламамен сызып, жобасын жасайды. Сөйтіп, қалаған пішіндегі жасанды аяқты тез арада әзірлеп береді.

Мыңжасар Шәріпұлы, Әлеуметтік оңалтуды дамыту ғылыми-тәжірибелік орталығы бас директорының орынбасары:

- Бұрынғы технологияға қарағанда жұмыс уақыты азаяды. Екіншіден, материалдардың шығыны азаяды. Соны есептегенде бұрын орташа уақытпен алғанда он күн жасалатын протез қазір бес-алты күнде дайын болады.

Енді мамандар жасанды аяқ жасаумен шектеліп қалмай, үлкен 3D принтерін алмақшы. Себебі, сол технологияның мүмкіндіктерін пайдаланып, саусақтарды қозғалтуға ыңғайлы қолға киетін протез дайындауға кіріспек. Сондықтан, бұл түрлі себептермен аяқ-қолынан айырылған жандар үшін жағымды жаңалық болды.

 

Нұрлан АСҚАРҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу