Ана мен бала Ұлттық ғылыми орталығында ашық есік күні басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ана мен бала Ұлттық ғылыми орталығында ашық есік күні басталды

20.02.2018

Бүгін Астанадағы Ана мен бала Ұлттық ғылыми орталығының жасанды ұрықтандыру бөлімшесінде ашық есік күні басталды. Енді еліміздегі балалы бола алмай жүрген ата-аналар репродуктолог, уролог-андролог, акушер-гинеколог мамандарынан тегін кеңес ала алады. Игі бастама екі күнге жалғаспақ. Жалпы, бұл мәселе елімізде өте өзекті. Отау құрған жұбайлардың 15 пайыздан астамы ұрпақ сүйе алмай жүр. Мәселен, Петропавлдан келген Қосмағанбетовтар отбасының шаңырақ көтергендеріне 4 жылдан асқан. Содан бері бармаған жері, қаралмаған дәрігері қалмаған. Енді астаналық дәрігерлерге үміт артып келіп отыр. 

Мақпал Қосмағанбетова, Петропавл қаласының тұрғыны:

- Жұбайым екеуміз білікті мамандардан көмек алу үшін Астанаға арнайы келдік. Бізге біраз кеңестер айтылды. Маңызды мәліметтерге қанық болдық. Қандай қадамдар жасау керектігін жазып берді. Енді осы нұсқауларды орындай отырып, шипасы болар деген сенімдеміз. 

Үміт Өтеген, акушер-гинеколог:

- Бұл екі күнде тек қана кеңес беріледі. Тексерулер керек болса, бағыт-бағдар береміз. Одан кейінгі күндерде жасанды ұрықтандыру, басқа да тексерулер керек болса, келіп көмек ала алады.

 

Раушан САЙЛАУҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу