Павлодарда салынып жатқан онкодиспансер мерзімінде тапсырылмауы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодарда салынып жатқан онкодиспансер мерзімінде тапсырылмауы мүмкін

18.01.2018

Павлодарда салынып жатқан онкологиялық диспансердің құрылысы межелі мерзімінен кешігуі мүмкін. Себебі, көлемі аса ірі кейбір медициналық жабдықтарды нысанның төбесі жабылмай тұрып орнату керек. Ал, құрылғыларды сатып алуға 3 млрд. 800 млн. теңге қажет. Бұл қаржы алдын ала қарастырылмаған. 

Онкологиялық диспансер салу үшін былтыр республикалық бюджеттен 7 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінді. Құрылыс қазір қарқынды жүріп жатыр. Инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымы дайын. Ғимараттың бірінші қабаты аяқталды.

Нұрлан Темірболатов, мердігер компания директоры:

- Биылғы жылы біз 1 млрд. 900 млн. теңгені игеруіміз керек. Әзірге жұмыстар кестеге сай жүріп жатыр. Құрылыс келер жылы жоспарланған мерзімде аяқталады.

Алайда, тапсырыс беруші тарапынан жұмыс тоқтатылуы мүмкін. Себебі, қатерлі ісікті емдеуге арналған жабдықтар осы бастан орнатылуы керек. Құрылыс аяқталғаннан кейін оларды ішке кіргізу мүмкін болмайды.

Телман Алғожин, облыстық Онкологиялық диспансер директорының орынбасары:

- Негізі салмағы және көлемі жағынан ең үлкені сәулемен емдеуді жылдамдатуға арналған желілік құрылғы. Оны қазірден бастап орнатпаса, кейін кеш болады. Есік, терезеден сыйдыра алмаймыз. Одан басқа да жабдықтар бар. Ең болмағанда, құрылыс аяқталмай тұрып кіргізіп алуды ескеру керек.

Ал, қондырғыларды сатып алуға қаржы бөлінбеген. Ақша тек келер жылдың бюджетінен қарастырылып отыр.

Асқар Ажмұрат, облыстық Құрылыс басқармасы басшысының орынбасары:

- Қосымша қаражат керек. Бұл 3 млрд. 800 млн. теңге көлемінде. Сол мәселе қазір облыс әкімдігінде, Денсаулық сақтау министрлігінде шешілуде.

Павлодар қатерлі ісік ауруларының таралуы бойынша Солтүстік Қазақстан облысынан кейін екінші орында тұр. Есепке алынған сырқаттар саны 10 мыңнан асады. Бұрын жатақхана болған қазіргі аурухана әбден ескірді. Сондықтан, құрылысты кешеуілдетпей, диспансерді дер кезінде тапсыру өңір үшін аса маңызды.

 

Болат АМАНБАЕВ

Хабарламаларға жазылу