Қостанайда мемлекеттік бағдарламамен салынып жатқан 6 көпқабатты үйдің құрылысы мерзімінде аяқталмаған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанайда мемлекеттік бағдарламамен салынып жатқан 6 көпқабатты үйдің құрылысы мерзімінде аяқталмаған

09.02.2022

Қостанайда мемлекеттік бағдарламамен салынып жатқан 6 көпқабатты үйдің құрылысы мерзімінде аяқталмаған. Соның кесірінен алғашқы жарнасын төлеп қойған көптеген отбасы тиесілі баспанасын ала алмай әлі пәтер жалдап жүр. Мәселенің мән жайын Дәуренбек Әбдібек зерттеп көрді.

Дәуренбек Әбдібек, тілші:
Юбилейный шағынауданындағы нөмірі 27-ші бұл үй алғашында 2021 жылдың шілде айында пайдалануға берілуі тиіс еді. Кейін бұл мерзім желтоқсанға дейін шегерілді. Алайда оның құрлысы бұл уақытта да бітпегесін, тиісті орындар енді 2022 жылдың алғашқы тоқсанында пайдалануға беріледі деп отыр. Бірақ қазіргі жағдайы мынау: жылу құбырлары жарылып, тас едені тас-талқан болып жатыр.

Таңшолпан Сәленоваға осы үйдің 5-ші қабатындағы 2 бөлмелі пәтер тиесілі. Келісім-шартқа сәйкес ол қазір отбасымен жаңа баспанада жайлы тірлік кешіп отыруы тиіс еді. Оның орнына әкімдікке қайта-қайта хат жазып, құрғақ уәде естумен күн өткізіп жүр.

Таңшолпан Сәленова, қала тұрғыны:
Ол уәде тағы орындалмайды. Қазіргі жағдайы осындай боп тұрғандықтан 2022 жылдың 1-ші тоқсанында аяқтап үлгермейді деп ойлаймын. Мына жерде батарея қатып жатыр, суық. Ол бір айда істелетін шаруа емес.

Тұрғындардың айтуынша, жұмыстың тоқтап тұрғанына бірнеше ай болған.

Қайыржан Жетібаев, қала тұрғыны:
Басында әр шаршы метрдің құны 142 мың теңге болды. Қазір құрылыс материалдарының қымбаттауына байланысты оның бағасы 180 мың теңгеге дейін өскен. Мердігерлер сондықтан ішкі әрлеу жұмыстарын жүргізе алмаймыз деді.

Қала әкімдігіндегілер құрылыстың мерзімінде аяқталмауын мердігерлердің жауапсыздығынан көреді.

Самат Жанділдин, Қостанай қаласы әкімінің баспасөз хатшысы:
Бас мердігер Алматы Строй серіктестігі әкімдіктің талап арызы бойынша сотта жосықсыз жеткізуші деп танылды. Соның негізінде мердігермен келісім шарт бұзылды. Шарттағы міндетін нақты орындамағаны үшін.

Қазір қайдан тендер өткізіп жаңа мердігерлерді анықтау жұмысы жүргізіліп жатыр. Қала басшылары жағдайды жіті бақылауда ұстап, жыл соңына дейін барлық нысандарды пайдалануға береміз деп отыр.

Дәуренбек Әбдібек


Хабарламаларға жазылу