Биыл тіс емдеу қызметінің құны шамадан тыс қымбаттаған. Емдету, салдыру былай тұрсын, жай ғана жұлдырудың өзі өткен жылмен салыстырғанда 11 пайызға өскен. Соның нәтижесінде стоматологтар қызметінің қоржыны 7,8 млрд. теңгемен толысты. Бұл былтырғы жылдан 18 пайызға артық. Жыл өткен сайын құны құрық салдырмай келе жатқан маңызды салаға Раушан Сайлауқызы зерттеу жүргізіп көрді.
Тіс жұлу құны – 5000 – 12000 теңге , тіс емдеу және пломба салу 9000-нан басталады. Ал, керамика салсаңыз 30 000 теңге, имплант салсаңыз 100 000 теңге қалтаңызда болу шарт.
Тізе берсең тіс қызметі алуан. Көз сүрінтер бағасы халықтың қалтасын қағады. Мәселен, Қуаныш Рахымжановтың 5 тісін емдеу керек. Салдыратыны тағы бар. Ал, ол үшін шамамен 1 млн. теңге қажет екен. Қарапайым күзетшінің қалтасы мұны көтермейді.
Қуаныш Рахымжанов, қала тұрғыны:
- Әсіресе, осы Астанада өте қымбат. Жай ғана тіс жұлғызудың өзіне біраз ақша керек. Ал, салдырудың құны аспанда. Біреудің шамасы жетер. Ал, біз сияқты жандар, білмеймін, тісімізді қалай емдейміз.
Тіс дерті асқынса, ас қорытудан бастап, жүрекке, бүйрек-бауырға, тіпті іріңдесе, миға да залал келтіреді. Мұны халық білмейді емес, біледі. Бірақ...
Еліміздегі 3000-нан астам тіс дәрігерлерінің басым көпшілігі жекеменшік емханаларда жұмыс істейді. Өйткені, айлығы қомақты. Стоматология саласын нарыққа жіберген мемлекет бәсекелестікті арттырғанымен, бақылау, реттеу мәселесіне келгенде қауқарсыз болып шықты.
Айнұр Тасылова, Бірыңғай қазақстандық стоматологтар қауымдастығының вице-президенті:
- Неге тіс салдыру қымбат? Көп адамдардың қоятын сұрағы осы. Қазіргі таңда министрлік тарапынан шектеу жоқ. Себебі, әрбір тіс емдеу, тіс салдыру, имплантация бәрі негізделген. Біріншіден, барлық құрал-жабдықтар шетелден келеді. Олардың құны өте қымбат.
Ең қызығы, стоматологияға қажетті материалдың бірі «титан» Өскеменде шығарылады. Өкініштісі сол, шикізат бола тұра, тіске қажетті материалдар өңдейтін бірде-бір кәсіпорын жоқ. Есесіне, сол титанды шетелдіктер бізден алып, өңдеп, дайын өнімді еселеген бағамен қайтадан өзімізге сатады. Қазақстаннан қарағанда Өзбекстан мен Қырғызстанда баға сәл төменірек.
Ал, Жапонияда «тіс саулығы – ұлт саулығы» деп аталатын арнайы бағдарлама бар. Соның нәтижесінде сексенге келіп селкілдеген қариялардың кемінде 20 тісі бар.
Ал, біздің елде мұндай бастама қолға алынса, Қуаныш сияқты қаншама қазақстандық қолжетімді бағамен тіс емдетер ме еді.
Раушан САЙЛАУҚЫЗЫ