Елімізде СПИД ауруын жұқтырғандар саны күрт өскен - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде СПИД ауруын жұқтырғандар саны күрт өскен

17.11.2017

Кейінгі жылдары елімізде СПИД ауруын жұқтырғандар саны күрт өскен. Дәрігерлер осылай деп дабыл қағуда. Инфекцияны жұқтырушылардың дені 15 пен 49 жас аралығындағылар. Адам өміріндегі ең белсенді шақ. Жалпы, әлемде бұл қатерлі дертке 76 миллион адам шалдығып, тең жартысы көз жұмған.

Андрей 2011 жылдан бастап 2 жыл бойы есірткі қолданған. Алайда, қанына тараған удан ләззат аламын деп жүріп күллі тағдырын талқан етті. Бүгінде тек дәрігерлердің нұсқауымен ғана өмір сүреді. Әйтпегенде, кез келген күні өмірі шорт кесілуі мүмкін.

Андрей:

- АИТВ жұқтырғанымды білген соң өмірім күрт өзгерді. Өмірге өзгеше көзқараспен қарай бастадым. Есірткі тұтынуымды қойдым. Тағы бір мүмкіндігім болса ғой. Өзгеше өмір сүрер едім.

ЖИТС Астана қаласында алғаш рет 1997 жылы екі адамнан анықталған. 2005 жылы індетті жұқтырғандардың саны 67-ге, 2012-де 584-ке жетті. Қазір Астанада бұл індетпен 1452 адам өмір сүруде. Олардың 60 пайызы ауруды соңғы 5 жылда жұқтырған. Басты себебі - жастардың, тіпті мектеп оқушыларының арасында кездейсоқ жыныстық қатынасқа түсу деректерінің күрт көбеюі.

Сәбит Әбдірайымов, Астана қаласы ЖИТС-тың алдын алу және оған қарсы күрес орталығының бас дәрігері:

- Бұрын тек әлсіз топтың ішінде дейтін едік. қазір тепе-тең болып отыр.

Кей адамдар өзінің вирусты жұқтырғанын білмей, ондаған жыл өмір сүруі мүмкін. Ал, олардың ауруды өзгелерге жұқтыру мүмкіндігі еселеп артады. Сондықтан, дәрігерлер тұрақты түрде тексеруден өтіп тұруға кеңес береді.

Салтанат Мусина, Астана қаласы ЖИТС-тың алдын алу және оған қарсы күрес орталығы бас дәрігерінің орынбасары:

- АИТВ жұқтырған адам қазіргі медицинаның жағдайларын пайдалана отырып, сапалы әрі ұзақ өмір сүруге мүмкіндігі бар. Ол үшін уақытында тексеріліп, дәрігерлердің бақылауында болып, тағайындалған емдік шараларды уақытында қабылдап отыру керек.

Ал, ұзақ әрі сапалы өмір сүру үшін уақытында тексеруден өтіңіз. Оны өзіңіздің қалауыңыз бойынша анонимді түрде де жүзеге асыруға болады. Менің денсаулығыма ешқандай күмәнім жоқ. Дегенмен, экспресс тесттің қалай жүргізілетінін көреміз. 5 минуттың ішінде нәтижесі дайын болады. Нәтижесі бойынша, менің қанымда АИТВ жұқпасы анықталған жоқ.

Толық процедура 10 минут та уақыт алған жоқ. Осы уақыт аралығында мен өзімнің және жақындарымның амандығына көз жеткіздім. «Барлық адам осылай жасаса, қауіпті індеттің таралуының жолын кесуге болады», - дейді дәрігерлер. Ал, аты жаман аурудың тамырына балта шабу үшін салауатты өмір сүріп, адалдық пен адамдықтың шегінен аттамаған абзал.

 

Оңғар АЛПЫСБАЙҰЛЫ

 

Хабарламаларға жазылу