Енді донор болуға қан тобының сәйкес келмеуі кедергі емес. Елімізде тұңғыш рет қан тобы үйлеспеген науқасқа туысының бауыры салынды. 55 жастағы астаналық науқас ұзақ жылдар бойы бауыр церрозымен ауырып келген. Дертіне дауа іздеген емделушіге дәрігерлер осы жаңа әдісті ұсынды. Отаны Астанадағы ұлттық онкология және трансплантология орталығының мамандары Кореяның білікті дәрігерлерінің көмегімен өткізді. Хирургияның мұндай тәсілі соңғы 7 жылда әлем елдерінде кеңінен дамыған. Сәтті түрде жүзеге асып келеді. Қазақстанда тағы 300 адам бауырын ауыстыруға мұқтаж. Енді жаңа әдіс сол науқастардың да емделіп кетуіне мүмкіндік бермек.
Кванг Вунг Ли, Сеул университеті Халықаралық денсаулық сақтау орталығының директоры, профессор:
- Кореяда 800-ден астам бауыр ауыстыру операциясы өткізілді. Оның 25 пайызы дәл осы әдіспен жасалды. Нәтижесі көңіл қуантарлық. Науқастың оңалып кетуі оның операцияға дейінгі жағдайына байланысты. Бүгін біз ота жасаған емделушіге шамамен 1 ай қажет. Аурухананың техникалық жарақтандырылуы талапқа сай екенін көрдік. Сондықтан да Қазақстанда мұндай операция түрін кешенді түрде қолға алатындығына сенімдімін.
Раушан САЙЛАУҚЫЗЫ