Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін кедергілер азаяр емес - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін кедергілер азаяр емес

20.03.2014
Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін кедергілер азаяр емес
Елімізде мүмкіндігі шектеулі жандар үшін кедергілер азаяр емес. Олар бүгінде медициналық-әлеуметтік сараптамадан өту үшін көптеген қиындықтарға ұшырайтындарын айтып налиды.
 
Индира Бегайдар, тілші:
Медициналық әлеуметтік сараптамадан өтіп, осы қағазды алу үшін мүмкіндігі шектеулі азаматтардың біраз күн жүруіне тура келеді. Бүгін біз бір күнімізді осыдан екі жыл бұрын жол апатына ұшырап, аяғынан айырылған Жандос Нүсіповпен өткіземіз. Ол осы уақытқа дейін медициналық тексеруден жалыққанын айтады. Қазір, оның тексеріліп жүрген емханасына бет аламыз.
 
Қарттар үйін мекен ететін Жандостың жағдайын жасайтын жақыны жоқ. Тақиядай төбеге, бөріктей дөңге шығу арман. Көпшіліктің көлігі автобусқа да міну бір мұң. Қалтасы қалың болмаса да амалсыз көшеден көлік тоқтатуға тура келеді.
 
Дәрігерге кезекте тұрғандардың қарасы көп. Күндегі жағдай. 2-3 сағат уақыт есікке телмірумен өтеді. Жандос бүгінгі тізімде 8-ші. Екі-үш қабатты емханада әр кабинетке кіріп, әр дәрігерге қол қойдыру ауру түгіл, сау адамның өзін шаршатады. Ең әуелі ауруханада жатып емделгендігі туралы екі құжат керек екен.
 
Зейнеп Далабайқызы, Астана қаласының тұрғыны:
Қолы не аяғынан айырылған жанның дене мүшесі өсіп кетпейтіні анық. Неге ұзақ жылдар бойы ауруханаларған тексеру өту керекпіз жәрдемақы алу үшін? Тіпті, дәрігерлер еңбекке жарамдысың деп жазып беруден тайынбайды, жәрдемақы алмасақ болғаны оларға. Әбден шаршап біттік осы проблемадан. Біздің сөзімізге құлап асып жатқан ешкім жоқ.
 
Айткүл Омарова, Астана қаласы бойынша Бақылау және әлеуметтік қорғау департаменті басшысының орынбасары:
Медициналық ұйымдар ауруға, жарақат зардаптарына байланысты организм функцияларының тұрақты бұзылуын растайтын емдеу және оңалту шараларын жүргізген соң кемінде 4 айдан кейін медициналық тексеруге жібереміз. Біз бірінші топтағы мүгедектерді медициналық әлеуметтік сараптамадан ең аз дегенде 4 жыл өткіземіз, ал 2-3 топтағы мүгедектер кемінде 6 жыл, содан кейін ғана еңбекке жарамсыз деген қағаз беріледі. Медицина алдыға жылжыған сайын, елімізде кез келген ауруды емдеп шығуға мүмкіндік бар.
 
Тек Астана қаласында 18 мыңнан астам мүгедек тұрады. Оның ішінде І топтағы мүгедектер саны  - 2039 адам. ІІ топ – 7704 адам. ІІІ топ - 6170.
 
Айта кетейік, «Нұр Отан» партиясының қоғамдық қабылдау бөлмесіне осы жылдың қаңтар-ақпан айлары аралығында 2000 мүмкіндігі шектеулі азамат арызданса, оның 5 пайызы осы мәселе жайында хабарласыпты.
 
Қазір сағат 18-00 шамасы. Өкінішке қарай, емханалар тек осы уақытқа дейін қабылдайды. Жандос бүгін барлық дәрігерлерге көрініп үлгермеді, яғни медициналық сараптамадан толық өткен жоқ. Мүгедектігін дәлелдейтін құжат алу қиямет оған. Ертең барлығы қайта басталады. Қалай келеді, қалай қайтады, оған басын ауыртып жатқан ешкім жоқ.
 
 
Индира БЕГАЙДАР

Хабарламаларға жазылу