Түркістан облысындағы 12 мектепте балаларға жағдай жасалмаған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысындағы 12 мектепте балаларға жағдай жасалмаған

10.06.2019

Спорт залы мен асханасы, енді бірінде кітапханасы мен шеберханалары жоқ мектептер. Түркістан облысы Төле би ауданында 12 білім ошағының оқушылары осындай арнайы ғимараты жоқ мектептерде оқып жүр. Ұстаздар дене шынықтыру мен еңбек сабақтарын аядай тар бөлемеде немесе далада өткізуге мәжбүр.

Киелітас ауылындағы мектеп спорт залының сиқы осы. Аумағы 40 шаршы метрге де жетпейді. Ересек адам қолын көтерсе саусағы төбеге тиетіндей. Спорт залы деген аты болғанымен, оқушылар жүгіре де, секіре де алмайды. Доп та ойналмайды. Тек күресуге ғана жағдай бар. Мектепті кезінде асарлатып жүріп ауыл тұрғындары өздері салып алған.

Батихан Нұрсейітов, мектеп директоры:

Сынып бөлмесі ыңғайластырылған. Соған қарай өткіземіз. Гимнастика өтуге болады. Қауіпсіздік ережелерін сақтай отырып, осында өтеміз. Күн жылығанда бізде онша батпақ болмайды, далаға өтеміз. Бірден далаға алып шығамыз. Боран, жаңбыр болса, осы жерде өте береміз.

Бөлме жетіспегендіктен мұндай мектептерде пәндік зертханалық жұмыстар талапқа сай жүргізілмейді. Мәдени тәрбиелік шараларды өткізетін де жер жоқ.

Төле би ауданындағы осындай жағдайдағы 4 мектептің жанынан биыл спорт және думан залы, асхана, кітапхана мен шеберхана ғимараттарын салу үшін қазынадан қаржы бөлінді. Оның бірінің құрылысы аяқталуға жақын. Құрал-жабдықтарды орнату, жаңа ғимараттың төңірегін абаттандыру жұмысы ғана қалды. Жаңа оқу жылында пайдалануға беріледі. Қалғанының құрылысы келер жылы аяқталмақ.

Шыңғыс Сейітов, Төле би ауданы әкімдігі Құрылыс бөлімінің сектор меңгерушісі:

Барлық мердігерлер анықталды. Инженерлік қызмет көрсетуші мекемелер анықталып, келісімшартқа отырдық. Мемлекеттік құрылыс бақылау басқармасынан рұқсат қағаз алып жатырмыз. Шілдеден бастап қаржыландыру басталады.

Сондай-ақ, бүгінгі таңда аудандағы 5 орта және 1 негізгі мектептің жанынан қосымша ғимараттар салып, оларды замануи үлгідегі мектепке айналдыру мақсатында жұмыс жүргізілуде. Ол үшін білім ошақтары маңынан жер телімі бөлініп, салынатын құрылыстың жобалық сметалық құжаттамалары әзірленуде.

Ғани ҚАЛМАХАН

 

Хабарламаларға жазылу