Елдегі мектептердің 90 пайызында ерекше балаларға жағдай жасалмаған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елдегі мектептердің 90 пайызында ерекше балаларға жағдай жасалмаған

30.09.2022

Елдегі мектептердің 90 пайызында мүгедектігі бар балаларға жағдай жасалмаған. Мәжіліс депутаттары осылай деп дабыл қағып отыр. Алайда, министрлік мұнымен келіспейді.

Бақытжан Назымқұл – ерекше тағдыр иесі. Бірақ, ел қатарлы оқуына еш кедергі жоқ. Арнайы көмекші ұстаздары бар. Бүкіл оқу процесінде жетелеп жүреді. Тіпті, үйден мектепке қатынау үшін білім ордасында тегін такси де қарастырылған. Осы мектептің өзінде Бақытжанмен тағдырлас 100-ге жуық бала оқиды.

Ғазиза Тәжімбетова, қала тұрғыны:

Келгені балама өте ұнады. Бір күн сабақтан қалғысы келмейді. Басқа ата-аналарға айтарым осындай мектепке әкелгені дұрыс.

Бірақ, мұндай жағдай басқа аумақтардың бәрінде жасалмаған. Мәселен, Түркістан облысының тұрғыны 12 жастағы Қуаныш әлі мектеп көрмеген. Үйде оқиды. Өйткені, Шардара ауданында инклюзивті бағытта білім беретін бірде-бір мектеп жоқ.

Рахима Омарова, Шардара ауданының тұрғыны:

6 жыл бойы үйде оқимыз, мектептер ашылса, барып оқыса, балалармен достасса, қарым-қатынаста болса, қоғамға үйренсе, сондай мектеп ашуына көмектессеңіздер.

Бұған депутаттар да алаңдаулы. Елдегі мектептердің 90 пайызында жағдай жасалмаған. Ерекше балалардың жүріп тұруына кедергі көп. Көбінде арнайы жабдықталған кабинеттер жоқ. Әдістеме құралдары да тапшы. Оның үстіне логопед, дефектолог сынды арнайы мамандар жетіспейді.

Динара Зәкиева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Еліміздегі мектептердің тек 6%-ы ғана кедергісіз ортамен, 7%-ы ғана инклюзивті қолдау бөлмелерімен қамтамасыз етілді. Қалғанында қажетті жағдай жасалмаған. Ал білім беретін мектептердің 80%-да арнайы даярланған кадрлар, мұғалімдердің көмекшілері жетіспейді. Балалар мектептерде жағдай жасалмағандықтан мектепке бара алмай отыр. Министрлік бұл бағытты жүйелеуі тиіс.

Оқу ағарту министрлігі депутат келтірген статистикамен келіспей отыр. Керісінше, мектепте білім алатын мүмкіндігі шектеулі балалардың саны артқан. Былтыр 49 мың болса, биыл 55000 бала мектепте оқып жүр.

Ардақ Айтжанова, ҚР Оқу ағарту министрлігі басқармасының басшысы:

59,4 пайызы мектептердің жағдай жасаған. Сол мектептердің ішінде мүмкіндігі шектеулі балалар бар. Ал қалған мектептерде мүмкіндігі шектеулі балалар жоқ. Нақты қаражат бала бар жерге жұмсалады.

Өкінішке қарай, мүгедек балалардың саны жыл санап артып келеді. Қазір 175 мыңнан асты.

Раушан Сайлауқызы, тілш:

Кез-келген бала мектепке баруға құқылы. Оларды санатына қарай ешкім шеттей алмайды. Бұған инклюзивті білім беру жөніндегі былтыр бекітілген заң кепіл. Яғни, арнайы инклюзивті мектеп деген ұғым жоқ. Барлық мектеп келген баланың диагнозына жағдай жасауы тиіс. Әйтпегенде, мектеп басшысы жазаға тартылады.

Раушан Сайлауқызы


Хабарламаларға жазылу