Мұғалімдер тест тапсырды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мұғалімдер тест тапсырды

05.06.2019

Мұғалімдер партаға отырды. Елімізде ұстаздардың Ұлттық біліктілік тестілеуі өтіп жатыр. Батыс Қазақстанда биыл 3 мыңнан астам мұғалім аттестациядан өтуге өтініш берген. Төрт күннен бері педагогтар білім-білігін сарапқа салып, сынақ тапсыруда. «Алайда аттестацияның кем-кетігі көп», - дейді мұғалімдер. Өңірдегі әріптесіміз Ардақ Мұратқызының бейнематериалы.

Өңірдегі 6 тестілеу пунктінің бірі. Таңғы сағат 8 болмай келген мұғалімдерді тексеріп өткізді. Бірақ тінту болған жоқ. Аудиторияға жайғасқандарға, алдымен тест тапсыру ережесі таныстырылды.

Анар Үмбетова, А.Байтұрсынов атындағы №10 мектеп мұғалімі:

Аздап бар қорқыныш. Қобалжу бар. Педагогика саласы бойынша енді қиналамыз. Бірақ өз пәніміз бойынша дайындығым жаман емес.

Мұнда 1500-ге жуық мұғалім 3 лекпен тест тапсыруда. Қалалық, облыстық мектептерден бөлек, Бәйтерек, Тасқала, Теректі аудандарынан келген ұстаздар да бар. Қай сынақ та стресс. Қатты қобалжығандар дәрігердің көмегіне жүгінді. 3 сағаттан соң алғашқы тапсырып шыққандардың қарасы көрінді.

Манарбек Лұқпанов, Бәйтерек ауданы, Мичурин орта мектебінің мұғалімі:

Жақсы деп ойлаймын, жақсы өткен сияқтымын. Былай оқыған сұрақтар келді. Кейбір сұрақтар қиын. Тікелей аударылған, түсініксіз болды.

Гүлдана Зәкиева, қалалық №44 мектеп-гимназияның мұғалімі:

Кітапшаны ашқаннан кейін таныс сұрақтар көзіңе оттай басылғанда, жүрегің орнына түсіп, бәрі де жайланады. Былай енді нақты, аспаннан түскен сұрақтар емес.

Бірақ әлеуметтік желідегі пікір басқа. Мұғалімдер өз қазанында бұрқ-сарқ қайнап, аттестацияның кем-кетігін қызу талқылап жатыр.

Тест тапсырғандардың алды апелляциялық комиссияға шағымдануда. Алғашқы лекте 8 өтініш түсіп, тек үшеуі қанағаттандырылған. Желіде «телефон қолданды, шпаргалкамен өтті» деген әңгіме де желдей есіп тұр.

Әлібек Есімов, Жәңгір хан атындағы БҚАТУ жанындағы Ұлттық бірыңғай тестілеу орталығының басшысы:

Телефонмен, шпаргалкамен ұсталғандар кездесетін жайт. Ол жағдайлар болып тұрады. Аудиториядан шығып, дөрекі қылық көрсеткен мұғалімдер болған жоқ біздің пункте. Бәрі де өз уақытымен отырып, тапсырып шықты.

Мұғалімдер оқу жылы енді аяқталған қарбалас уақытта тест тапсырып жүр. Емтиханы, есеп беруі, ҰБТ-сы тағы бар. Көбі өз ауылында емес, бір ауданнан екіншісіне, не қалаға сабылады. Жол, ас-ауқат шығыны өз қалтасынан.

Жаңылсын Абдрахманова, облыстық білім басқармасы бөлімінің басшысы:

Қаратөбе Сырымға келеді, Шыңғырлау Бөрліге келеді. Шыңғырлауда тестілеу пункті әуелден жоқ. Балалар да қатынап келеді. Бөкей ордасы Жәнібекке барады. Тестілеу пункттері министрлікпен бекітіледі. Жол шығыны қаралмаған.

Сынақтан сүрінбей өткендердің айлығына 30-дан 50 пайызға дейін үстемақы қосылады. Облыста былтыр аттестациядан сәтті өткен 4600 мұғалім қосымша ақы алып отыр. Ал биыл тест тапсырған 3 мың мұғалімнің нәтижесі алдағы күндері шығады.

Ардақ МҰРАТҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу