Осылайша бағдарламалау мен инновациялық технологияның тілін жетік меңгерген жеткіншектер ой жарыстыруда. Білім бәйгесіне биыл еліміздің барлық өңірінен, сондай-ақ, Ресейдің 4 облысы, Өзбекстан мен Италиядан келген 300 команда бақ сынасып жатыр. Бас-аяғы 600-ден аса қатысушы екі күн бойы өздері жасаған бағдарламалар мен роботтарының артықшылықтары мен жетістіктерін паш етпек.
Жалпы, Қарағанды облысында 209 робототехника лабороториясы жұмыс істейді. 70 ІТ-сынып пен 4 балалар технопаркі бар. Биыл тағы төрт технопарк ашып, өңірдің барлық мектептерін робототехника лабораторияларымен қамту жоспарланған.
Елена Вторина, Томск облысы жалпы білім департаменті басшысының орынбасары:
- Біз фестивальға осымен үшінші жыл қатарынан қатысып отырмыз. Бұл - үлкен тәжірибе алаңы. Биыл бірнеше аталым бойынша командаларымызды алып келдік. Соңғы жылдары қарағандылық командалар біздің елге жиі келіп жүр. Айта кету керек, балалардың робототехникаға деген құлшынысын арттыру, алға жетелеу үшін мұндай ауқымды алаңдарды пайдаланудың пайдасы зор.
Руслан НҰРЛАНҰЛЫ