Шығыс Қазақстанда Көкжыра деген ауыл бар. Сол ауылдағы мектеп директоры былыққа батқан. Ұстаздар мен ата-анадан қит етсе ақша жинауды әдет қылған. Оқушылардың орнына мұғалімдерді тест тапсыруға мәжбүрлеген. Тіпті өзінің жеке шаруашылығында қара жұмысқа қызметкерлерін жеккен көрінеді. Ауылдағы ұстаздар мен ата-аналар осылай деп шағымданып отыр. Жұртшылық жүгенсіз кеткен басшыны тәртіпке шақыруды талап етуде.
Мектеп директорының кабинетінде мұндай шу соңғы кездері жиілеп кеткен. «Шағым айтқан ата-ана, құқығы бұзылған ұстаздар әділдікті талап еткенімен, басшы өз білгенін істеп отыр», дейді мұғалімдер. Ең сорақысы, балалардың білім деңгейіне алаңдап отырған директор жоқ. Себебі, мектеп басшысы жоғары сынып оқушыларының орнына онлайн тесттерді тапсыруға ұстаздарды мәжбүрлеген.
Рима Уалиев, орыс тілі пәнінің мұғалімі:
Балада білім жоқ. Біз өзіміз барып тапсырып келдік. Сонда біз кімді алдап жүрміз өзі?! Біз неге қорқуымыз керек?! Балаларға келіп «Білім деген қазір рөл ойнамайды. 600 мыңнан ақша береміз, биыл 800 мың болып кетті. Комиссияының түгелі сатылады», дейді. Бұл кісінің ойы, барлығы сатылыпп алынады.
Ұстаздардың айтуынша, директор әр нәрсеге ақша жинатуды да әдет қылған. Көнбегендерді жұмыстан қуамын деп қорқытыпты. «Сондықтан, нанымызды табу үшін, төзіп жүре бердік»,- дейді мұғалімдер.
Арқат Сембаев, дене шынықтыру пәнінің мұғалімі:
5 мыңнан ремонтқа деп, бізден екі рет жинап алды. Былтыр 1-ші, 2-ші сыныптың сабағы мүлдем өткен жоқ. Есептесек, 600-дей сабақ өтпеген. Балалар спорт залда ойнауы керек, ағзалары жетілуі керек. Оны айтсақ, «олар әріп үйренуі керек, сендер әріп үйретпейсіңдер», дейді.
Мектеп директоры болса, «айтылғанның бәрі жала»,-деп отыр. «Заңды бұзбадым, ешкімнің құқын таптаған емеспін», деп ақталады.
Бауыржан Құнафин М.әуезов атындағы орта мектеп директоры:
Ремонтқа жиналған ақшадан хабарым жоқ. Егер жинатты деп менің үстіме шағым жазса, заңмен дәлелдесін.
Аудандық Білім бөлімінің басшылары да «ауыл мектебіндегі мұндай жағдайды алғаш естідік», деп, аң-таң.
Самал Дәуітбаева, Тарбағатай аудандық Білім бөлімінің бастығы:
Мен мұны бүгін бірінші рет естіп отырмын. Біздің аудандық білім бөліміне түсетін арыз-шағымдар ешқашан қарусыз қалмайды.
Шарасыз ұстаздар мен ата-аналар, шындықты айтып шағымданғанымыз үшін директордың тарапынан қудалауға ұшыраймыз ба деп қорқады. Сондықтан, ушыққан мәселеге министрлік назар аударса екен дейді.
Ержан ЖАҚЫП