Елбасының қай салада да қызметтік қолтаңбасы бар. Әсіресе, білім мен медицинадағы жетістіктер мен оң өзгерістер Тұңғыш Президенттің бастамасымен іске асты. Қазір қос саладағы 30 жыл бұрынғы жағдай мен қазіргі күй жер мен көктей. Жемісті жылдар туралы мұғалімдер мен дәрігерлер, сала ардагерлері айтып отыр.
Нейля Мерғалиева білім саласында 30 жыл еңбек етіп келеді. Бүгінде талап та, бағыт-бағдар да өзгерді. Пән де, оқулық та жаңа. Электронды-инновациялық тың әдіс-тәсілдер енді. Ұстаз мұның бәрін Елбасының есімімен байланыстырады.
Нейля Мерғалиева, қалалық №20 мектеп мұғалімі:
- Мектептердің саны жылдан-жылға көбейіп жатыр. Мұғалімдердің мәртебесін жоғарылату барысында көптеген жұмыстар жүріп жатыр. Мектептерді цифрландыру, компьютерлендіру басқа ТМД елдерімен салыстырғанда, толықтай біздің Қазақстанда 100 пайыз жүзеге асты.
Ал, Ақкенже Құмарғалиқызы – сала ардагері. 36 жыл ұстаздық еткен. Тәуелсіздік алғалы елімізде 600 мың бала сыятын мектеп салынғанын қуана қайталайды. Қандай қиын қыстау кезеңде де білімге баса көңіл бөлінгенін растайды.
Білімнің дамуы медицинаға да тың серпін берді. Жиырма алты жыл бұрын Елбасы «Болашақ» бағдарламасын қабылдап, іске асырды. Шетел көріп, білім шыңдап келген жастардың бірі – Бақтияр Тәшкенбаев. Қазір ол қалалық аурухананың білікті маманы. Былтыр тек осы нысанда 4 мың операция жасалған.
Бахтияр Тәшкенбаев, хирург:
- Қандай қиын болса да, біз балаларды оқыту керекпіз, шетелдерге жіберу керекпіз. Озық технология мен әлемдегі бар ғылым мен білімді елге алып келу керекпіз деп сол кісі түсінді. Және соның нәтижесін қазір біз көріп отырмыз. Өзіміз де сол «Болашақ» бағдарламасымен Оңтүстік Кореяда оқып келдік. Соның арқасында қазір күн сайын күрделі оталар жасап, бұрын-соңды Қазақстанда жасалмаған операцияларды, бұрын-соңды облыста жасалмаған операциядарды енгізіп, және ол күнделікті істелетін операцияға айналып кетті.
Өз ісіне берілген жандар әлеуметтік саланың дамуы әрі қарай да жалғасып, бұдан да озық деңгейге жетеріне сенеді. Өйткені игі істің іргетасы қаланған. Тұңғыш Президенттің көрегенділігімен.
Ардақ МҰРАТҚЫЗЫ