Енді сол елді мекендердің өзінің болашағы бұлыңғыр болып отыр. Себебі мектеппен бірге жұмыс орындары да қысқарады. Ата-аналар балаларының көлікпен қатынағанын немесе интернатта жатқанын қаламайды.
Дәуренбек Әбдібек, тілші:
Бұл - Үй өзені. Жыланды ауылы осы өзеннің жағасында орналасқан. Табиғаты көркем. Шекараның дәл түбі. Өзен аңғарының арғы бетінде көрініп тұрған – Ресей жері. Үлкендердің айтуынша, Кеңес заманында аудан бойынша жалғыз қазақ мектебі осы ауылда болыпты.
Кезінде 70-тен астам отбасы түтін түтеткен ауылда қазір 34 үй қалған. 8 жылдық қазақ мектебі сонау 70-ші жылдары ақыры жабылып тыныпты. Соның жұрнағындай бастауыш мектеп былтыр жұмысын тоқтатқан. Бірінші себеп – бала санының аздығы.
Динара Бектібаева, Федоров аудандық Білім бөлімінің басшысы:
- Екінші мәселе - кадр тапшылығы. Қанша жағдайын жасағанымен, жас мамандар тұрақтамайды. Сондықтан білім сапасы болмайды.
Жыландының жалғыз мұғалімі Әлия Оспанова бұл уәжбен келіспейді. «Егер мектеп жабылмаса, сонда қызмет атқара берер едім», дейді ол. Қазір облыс орталығындағы жеке балабақшалардың бірінде еңбек етеді. Қалада басыбайлы баспанасы болмағандықтан, пәтер жалдаушылардың қатарын көбейтіп жүр.
Әлия Оспанова, мұғалім:
- Әрине, маған өз ауылымда жұмыс істеген қолайлы еді. Онда ата-анаммен тұрдым. Өз үйім болды. Ал, қазір қалада пәтер жалдап тұрамын. Табысымның басым бөлігі пәтерақыға кетеді.
Жыландының төрт оқушысы көршілес Кеңаралдағы мектепке арнайы көлікпен қатынайды. Оқу процесінде өзгеріс жоқ. Мұнда да бастауыш қазақ сыныптары бірге оқиды.
Мұрат Қалиев, Жыланды ауылының тұрғыны:
- Білім беру сапасы төмен. 4 қазақ сыныбына бір мезгілде бір мұғалім сабақ береді. 45 минутта 4 сыныптың бағдарламасын толыққанды игеріп шығу мүмкін емес.
«Мектеп білім ошағы ғана емес, ауылға тірлік берген жүрегі еді», дейді тұрғындар. Енді елді мекеннің де болашағы бұлыңғыр болып тұр.
Әшімхан Жабаев, Жыланды ауылының тұрғыны:
- Зейнетақыны беретін еді, жарыққа ақшаны осында төлеуші едік. Қазір бәрі жабылды. Медицина орталығы мен мектепті жапты.
Былтыр Қостанай облысында осындай 10 мектеп жабылып, тағы 9-ының сыныптары қысқарып, ықшамдалған. Мұндай жағдай ауылдардың да тіршілігін тоқтатуына себеп болып жатады. Мысалы, 2017 жылы Қостанай облысында 36 елді мекен карта бетінен өшірілген.
Дәуренбек ӘБДІБЕК
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.