Ауыл мектептерін дамытуға қыруар қаржы бөлінді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ауыл мектептерін дамытуға қыруар қаржы бөлінді

20.11.2018

Бүгін Білім және ғылым министрлігі «Орта білім жүйесін жаңғырту» жобасының басталғанын мәлімдеді. Жобаның жалпы құны 75 млн. АҚШ доллары. Оның көп бөлігін яғни, 67 миллионын Дүниежүзілік банк берген. Бұл қаржыға ауылдағы білім ордаларын мультимедиалық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіп, ауыл мұғалімдерінің әлеуетін арттыра түсу көзделген. Мақсат – ауылдағы білім сапасын көтеріп, қала мектептеріндегі білім деңгейімен теңестіру.

Ауыл баласы енді қала баласынан кем болмайды. Білім берудегі слайд, графикалық, видео және аудио үлгісіндегі мәліметтерді игереді. Таяу күндері шалғайдағы ауыл мектептері дерлік мультимедиалық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіледі. Оған жоба қаражатының 60%-ы жұмсалмақ.

Эльмира Сұханбердиева, ҚР Білім және ғылым вице-министрі:

- Дүниежүзінен жаңа жобаны қалай жеткіземіз? Мектептің араларында айырмашылық үлкен. Кей кезде біздің мұғалімдер, балалар аудан орталықтарына бара алмайды. Әлемде, елде қандай жетістіктер бар, соны балалар білулері керек. Сондықтан, қазір мультимедиадан бастаймыз.

Қысқасы, оқушылар цифрлық білімді игереді. Осы ретте, 30 жаңа оқу бағдарламасы әзірленеді. Әлбетте, жаңашылдықтарға байланысты шамамен 170 мың ауыл мұғалімі мен мектеп директорлары даярлықтан өтпек. Бұдан бөлек, инклюзивті білім беру де дамиды. Көру, есту, сөйлеу кемістігі бар балалар үшін орталықтар ашылып, арнайы оқулықтар шығарылады. Қомақты қаржы жалпы елдегі 3 миллионнан астам ауыл баласының білімін көтеруге жұмсалмақ.

Харри Патринос, Дүниежүзілік банктің білім тәжірибесі бойынша басқарушысы:

- Біздің бар мақсатымыз – Қазақстандағы әр мектептің жағдайының жақсаруына, сондай-ақ, ауыл мен қала мектептеріндегі білім сапасын теңестіру бойынша Қазақстан Үкіметіне қолдау көрсету. Осы арқылы Қазақстанның тұрақты дамуы үшін адами капиталдың нығаюына әсер ету.

17 жылға жоспарланған жоба еліміздегі білім деңгейі төмен ауыл мектептерінің жағдайын жүйелі түрде көтеруді діттейді. Айта кетейік, қазір Қазақстанда 7014 мектеп болса, оның 5500-ден астамы ауыл мектебі.

 

Армангүл ТОҚТАМҰРАТ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу