Елімізде жаңартылған білім бағдарламасы жыл сайын өзгеріп, күрделеніп барады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде жаңартылған білім бағдарламасы жыл сайын өзгеріп, күрделеніп барады

12.09.2018

Бұл оқушыларға қиындық туғызуда. Мәселен, Алматыда мектептер жаппай бес күндік оқу жүйесіне көшпеген. Бір бөлігі бес күн оқыса, бір бөлігі бұл күнді күтіп жүр. Ал, бұл эксперименттік жұмыстарға оқушылар мен ата-аналар түбегейлі қарсы. Себебі, министр өзгерсе білім бағдарламасы ауысады. Сондықтан, 27 жылдың ішінде бірнеше реформа қабылданды, болашақ мамандар әртүрлі бағдарламамен оқыды. Осы мәселеге қатысты тілші Нұрлан Асқарұлы оқушылардың пікірін білді.

Әди, Нұрмұханбет, Арман. Үш дос бір сыныпта оқиды. Әрқайсысының өз қызығушылықтары бар. Десе де, 5 күндік оқуға қатысты ойлары бір.

Әди Серікханұлы,  оқушы:

-Біз бес күндік оқығымыз келеді. Өйткені, біз эксперименталды сыныпта оқимыз. Бұл сыныпта біз өте шаршаймыз.

Арман Мақсат, оқушы:

-Маған футболға қатысу үшін көп уақыт керек. Сенбі күні футболға барамын. 

Нұрмұханбет Ахаев, оқушы:

-Маған бес күндік ұнайды. Бізге көп демалу керек. Мен өзім үйірмеге барамын. Сол үшін мен сабаққа кейбір кезде кешігіп келемін.

Оқушылардың бес күн білім алайық деп шулауына негіз бар. «Өйткені, олардың қазір бала болып ойнауға тіпті уақыттары жоқ», - дейді кейбір ата-ана.

Нина Женикова, қала тұрғыны:

-Балаларды тым кішкентай кезінен мектепке береміз. Олар балалық шағын көрмейді. Оның үстіне оқу бағдарламасы ауыр.

Айгүл Суанбекова, қала тұрғыны:  

-Алты күндік оқушылардың оқуы дұрыс деп санаймын. Өйткені, олар мектепте білім алып, білмеген заттарын білуге құштарланады. Бос уақыты болғаннан кейін олар компьютерлік клубтарға барады. Үйде де тұрмайды.

Алматыда мемлекеттік 204 мектеп бар. Оқу орындарында 243 мың бала білім алады. Жалпы білім беретін мектептерде 1-ші сынып пен 8-ші сынып оқушылары 5 күн оқиды. Ал, 9 бен 11-сынып 6 күн оқиды. Одан бөлек, қалада 89 гимназия-лицей бар. Гимназияда жүктеме мектептен жоғары болғандықтан мұнда 5 пен 11-ші сыныптағылар 6 күн білім алуы тиіс. Қалалық білім басқармасының мамандары барлығы министрліктің талабы бойынша оқытылып жатыр. Сондықтан, балалар үшін алаңдауға негіз жоқ, дейді.

Жалпы, қазір мегаполисте білім ошағын салатын орын жоқ. Есесіне ойынхана мен мейрамханадан аяқ алып жүре алмайсың. «Сонда ел білім меңгерудің орнына жаппай ойын ойнап, той тойлауға көшкен бе», - дейді ата-аналар. Міне, мектеп тапшы болғандықтан оқушылар екі ауысымда, алты күн оқиды. Ал, біз пікірін білген Әди, Нұрмұханбет, Арманның бес күндікті әлі көп армандауына тура келеді. Өйткені, білім басқармасының берген жауабынан біз мәселені түбегейлі шешудің ауылы алыс екенін байқадық.  

Нұрлан АСҚАРҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.    

Хабарламаларға жазылу