Жалпы, биыл мемлекеттік грантқа ие болу үшін қандай талаптар қойылып еді? Неліктен кейбір түлектердің балы 100-ден асса да, бағы жанбады. Ал, 25 балмен-ақ тегін оқуға мүмкіндік алғандар кімдер? Осы және басқа да сұрақтарға жауап іздеп журналистер Білім және ғылым министрлігіне жүгінді.
Азамат үшін бүгін – бақытты күн. Талабы мен таланты оны өрге сүйреп, таңдаған мамандығы бойынша мемлекеттік грант жеңіп алды. Болашақ сәулетші грант иегерлерінің тізімінде көш бастап тұрғанына әлі сене алмай жүр.
Азамат Хафизов, грант иегері:
- Екі бейімдік пәннен 39 балл алдым. Ал, шығармашылықтан 40-тан 40 алдым. Өзіме сенімді болдым. Бірақ, бірінші орында боламын деп ойламадым. Негізі, нәтижені түні бойы қарап шықтым. Таба алмай қойдым. Грант алғанымның арқасында ата-анама шығын келтірмеймін. Шәкіртақы аламын, өз-өзімді бағамын.
Ал, грант атты бақ бұйырмағандардың бұл күні көңілдері түсіп, абдырайтыны айтпаса да түсінікті. Әсіресе, жоғары балмен, не «Алтын белгінің» өзінде тізімге ілікпей қалатындар жыл да табылып жатады. Биыл да жоқ емес. Өйткені, жыл сайын үлкен сұранысқа ие мамандықтарға байқау қиындап, гранттар саны азайтылып жатыр. Бірақ, бұған қарамастан құқықтану, қаржылық бағытты таңдайтындар әлі де көп екен.
Асхат Аймағамбетов, ҚР Білім және ғылым вице-министрі:
- Өкінішке қарай, мұндай мамандықтарға құжат тапсыру азайып жатқан жоқ. Әдейі бір парақ та жасап бердік. Өйткені, алдыңғы жылы 38 ғана орын бөлінді. Оған 1 орынға 45 бала деп ақпаратты бердік. Биылғы жылы да 38 орын деп бердік. Бірақ, соны көре тұра, біздің азаматтарымыз сол мамандықтарға өзінің құжаттарын не болса да алып барады.
Есесіне, техникалық мамандық таңдағандар ұтып жатыр. Министрлік биыл бұл бағытта бірнеше жаңа мамандық ашылып, жаңа лицензиялар берілгенін айтып отыр. Сондай-ақ, колледж түлектері үшін жеңілдік көп болған. Тіпті, 25 балл ғана алып, грантқа ие болғандар бар.
Асхат Аймағамбетов, ҚР Білім және ғылым вице-министрі:
- 25 балл деген қалай? Кейбіреулер қысқа мерзімді колледж бітіргеннен кейін оқуға түсемін дейді. Олар оқу тапсырса, 3 жыл ғана оқиды. Басқа түлектер тапсырғанда 140 балл болса, соның шекті балы – 50 балл. Ал, бұл түлектер тек қана 70 балға ғана жауап береді. Өйткені, екі пәнді ғана таңдайды. Соның шекті балы – 25 балл.
Сондай-ақ, биыл «Алтын белгі» иегерлеріне қатысты да талап күшейген. Бұған дейін кез келген мамандық бойынша басымдық ең алдымен соларға берілсе, биылдан бастап бұл ереже өзгерген. Енді «Алтын белгі» тек екі талапкердің балы тең болған кезде ғана құнды болмақ. Биыл грант тізіміне іліккендер ішінде шетелдегі қазақ диаспорасы да аз емес. 862 қандасымыз арнайы бөлінген квотаның арқасында атамекенге келіп, білім алады.
Альбина ӘШІМ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.