Оның бүгінге дейін 40-тан астамы Назарбаев Университетіне оқуға түскен. Олардың көпшілігі республикалық және халықаралық білім бәйгелерінің жеңімпаздары. Озат түлектерді кеше білім басқармасы арнайы алғыс хаттармен марапаттады.
«Триумф балы». Үздік түлектер мен мектеп директорларының дәстүрге айналған шарасы. Әсем ән мен мектеп вальсі ерекше есте қалатын салтанат. Биыл 5870 астаналық 11-сыныпты бітірді. Мәулен Манас - солардың бірі. Бірнеше білім додаларының жеңімпазы. Білімін Назарбаев Университетінде жалғастырамын деп шешіпті.
Астаналық оқушылардың әлеуеті жоғары. Оқушылар құрамасы олимпиадалық көрсеткіште соңғы 12 жыл бойы бірінші орында. Ғылыми жобалар конкурсы мен білім бәйгелерінен биыл 180-нен астам медаль жеңіп алған.
Әнуар Жанғозин, Астана қаласы білім басқармасының басшысы:
- Мысалы, бүгінге дейін 40 түлек Назарбаев Университетіне, 60-тан астам түлек шетелдік ЖОО түсті. Олар білімін сол жақта жалғастырады.
Назарбаев Университетін таңдағандардың бірі - Әнел Тұрашева. «3 кезеңнен тұратын конкурс пен үлкен бәсекеден өту оңай болған жоқ», - дейді.
Әнел Тұрашева, мектеп бітіруші:
- Назарбаев Университетіне түсу шыны керек оңай емес. Ол университетке түсу үшін біз көптеген емтихандарды өттік. Математика, критика, ағылшын тілінен көптеген емтихандар тапсырып, грант иегері атандым.
Университетке түскен үздіктер мектептен қол үзбейді. Оқу ордасының базасында олимпиадалар ұйымдастырылып, мектеп оқушылары мен студенттер тәжірибе алмасады.
Шолпан Қирабаева, ҚР БҒМ «Дарын» республикалық ғылыми практикалық орталығының директоры:
- Балаларды математика, физика, химия, информатика бойынша 125 ел қатысатын 6 халықаралық олимпиадаға қатыстырып жатырмыз. Алтын, күміс, қола медальдарды көп алып келеміз деп ойлаймын.
Айта кету керек, Назарбаев Университеті бүгінге дейін небәрі үш рет түлектерді ұшырды. Биыл халықаралық университетті 800-ден астам түлек бітіріп шығады.
Дулат АБИБУЛЛАЕВ