Алматыда барлық мектептерде соңғы қоңырау соғылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда барлық мектептерде соңғы қоңырау соғылды

25.05.2018

Бүгін Алматыдағы барлық орта мектептен 9130 оқушы түлеп ұшты. Бітірушілер саны өткен жылға қарағанда 2000-ға көп. Мәселен, қалалық № 13 мектеп-гимназиясында 774 бала білім алады. Оларға 74 ұстаз сабақ берді. Шарапатты шарада қалалық және республикалық олимпиадалардың жүлдегерлері Алғыс хаттармен марапатталды. Ал, биылғы оқу жылында білім ошағынан 30 оқушы түлеп ұшты. Оның үшеуі «Алтын белгіге» үміткер. Енді алда оларды үлкен өмір күтіп тұр. Арманы асқақ түлектер болашақта жоғары білім алып, елімізді дамытуға үлес қосуды мақсат еткен.

Айтолқын Үсенбаева, жас түлек, «Алтын белгіге» үміткер:

- Кеше ғана мектеп табалдырығын аттап, келген едік. Міне, бүгінде алтын ұя мектебімізбен қоштасып отырмыз. Осы күнге жеткізген ата-анамызға, білім берген аяулы ұстаздарымызға және де ыстық ұя мектебімізге алғысым шексіз. Арманым - барлығын жақсы өткізіп, тәуелсіз мемлекетіме жақсы бір мамандық иесі болып, елімді көркейту.  

Сондай-ақ, «Жаңа ғасыр» №175 гимназиясында соңғы қоңырау соғылды. Оқушылар мен ата аналар тағы да бір оқу жылын қуанышпен аяқтады. Гимназия 7-8 жылдың көлемінде қала бойынша үздіктердің қатарынан көрініп келеді. Бұл оқушылардың қалалық және республикалық жарыстардан алған жүлделерімен белгіленген. Салтанатты шарада мектеп бітірушілер әсем ән шырқап, ұстаздарына қимас сенімдерін жеткізді.

Нұрбала Бейсебекова, «Жаңа ғасыр» №175 гимназиясының физика пәнінің мұғалімі:

- Біздің балаларымыз жан-жақты, өте жоғары биіктерден көрініп жүр. Жыл сайын ЖОО-на грант иегерлері өте көп шығады. Олар алған білімдерін ақтап, универсиететті бітіргеннен кейін еліміздің әр жерінде жемісті еңбек етіп жүр.

 

Нұрлан АСҚАРҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу