Мамырдың 15-і Астанада жалпыұлттық ата-аналар жиналысы өтеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мамырдың 15-і Астанада жалпыұлттық ата-аналар жиналысы өтеді

11.05.2018

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев айтты. Сондай-ақ, министр гранттарды бөлу кезінде «Алтын белгі» иегерлеріне артықшылық берілмейтінін, барлық түлектерге тең мүмкіндік жасалатынын жеткізді. Тек, баллдары бірдей болған жағдайда ғана «Алтын белгісі» барлар басымдыққа ие болады. Былтыр 25 пайызы жаңартылған Ұлттық бірыңғай тестілеу сұрақтарының биыл тағы да 25 пайызы өзгертіледі. ҰБТ-дағы жаңашылдықтар мен бала тәрбиесіне қатысты өзекті мәселелер алдағы сейсенбіде өтетін жалпыұлттық ата-аналар жиналысында жан-жақты талқыланады.

Ерлан Сағадиев, ҚР Білім және ғылым министрі:

- Бұл осымен екінші жиналыс. Өздеріңіз білесіздер, орташа есеппен алғанда жиналыстарға ата-аналардың 10-15 пайызы ғана барады. Өткен жылы жалпыұлттық жиналысқа оқушылардың 80 пайызының ата-аналары келді. Яғни, бұл жақсы көрсеткіш. Биыл да осындай деңгейде келеді деп жоспарлап отырмыз. Осы орайда министрлік атынан барлық жұмыс берушілерден, оның ішінде мемлекеттік органдардан 15-ші мамырда ата-аналарды ертерек босатуды сұраймыз. Ата-аналар уақытылы мектепке келіп, балалары оқып жүрген білім ордасының өмірімен егжей-тегжейлі танысуы керек.

Сонымен қатар, бүгінгі брифингте министр мектеп бітірушілердің кешіне қатысты пікір білдірді.  Оның айтуынша, мұндай кештерді өткізуге қатысты министрліктің арнайы тұжырымдамасы жоқ. Оны мектептің әкімшілігі мен ата-аналар кеңесі бірігіп шешеді.

Ерлан Сағадиев, ҚР Білім және ғылым министрі:

- Ата-аналар аттестат тапсыру ресми бөлігіне барып, осыдан кейінгі шараларға бармауға құқығы бар. Осы орайда ата-аналарды салтанатты жиыннан кейінгі мерекелеу шараларына баруына ешкім де мәжбүрлемейді.

Досымжан ЕРМҰРАТ

«Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын AppStore және Play Market сервистерінен тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу