Бұл туралы бүгін Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев мәлімдеді. 2016-2019 жылдарға арналған білім беруді және ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасы бар. Осыған сәйкес, былтыр 445 млрд. теңге бөлініп, ол 99 пайызға игерілген. Осы бағдарлама аясында нөлінші сыныпты енгізу үшін дайындық жұмыстары жүргізілуде. 2020 жылы нөлінші сыныпты оқушылар латын қарпімен бастайды.
Бұдан бөлек, орта білім беру бойынша жаңартылған мазмұнға көшу жалғасады. 2017-2018 оқу жылында 1, 2, 5, 7-сыныптар көшті. Ол жалпы сыныптардың 42%-ын құрап отыр. Төрт жылға жоспарланған мемлекеттік бағдарламаға жүктелген тағы бір міндет - 3-6 жас аралығындағы балаларды толығымен балабақшамен қамту.
Ерлан Сағадиев, ҚР Білім және ғылым министрі:
- Астанада балабақшаға кезек саны 27,6 мың, Алматы қаласында 22,4 мың, Оңтүстік Қазақстанда 24,7 мың, Алматы облысында 12,9 мың. Басты мақсат - 2020 жылға дейін 3-6 жастағы балаларды 100 пайыз балабақшалармен қамту. Осыған байланысты, әкімдіктер бекіткен жол картасы бойынша нақты жыл сайынғы көрсеткіштерді орындауы тиіс. Бұл жұмысты ГЧП механизмі арқылы күшейту қажет.
Ғабит ҰЗАҚБАЙ