Елімізде информатика пәні бірінші сыныптан бастап оқытылуы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде информатика пәні бірінші сыныптан бастап оқытылуы мүмкін

19.03.2018

Бүгін Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев осылай деді. Мәжілістегі Үкімет сағаты білім саласын сандық жүйеге көшіру мәселесіне арналды. Қазақстанда киберқауіпсіздік бағытындағы мамандардың санын арттыру көзделіп отыр. «Мұғалімдерді мәжбүрлеп, шараларға қатыстыра беруді де қою керек», - дейді депутаттар.

Индира Бегайдар:

-Электронды журналды қағаз есепке теңестірдік деп Сағадиев бөркін аспанға лақтырды. Оның айтуынша, елімізде төрт мыңнан астам мектепке электронды күнделік енгізіліпті. Яғни, күніне 3,5 миллион адам электронды күнделікті енгізу жоспарда бар.

Алайда, электронды күнделік депутаттардан қолдау таппады. Оның өзіндік себебі бар. Электрондық журнал әрбір тоқсанның қорытындысы бойынша қағазға басылып, нөмірленіп, мектептің мөрімен бекітіледі екен . Яғни, мұғалім қағаз журналдың қолдан жасалған көшірмесін құрады. Наталья Жұмаділдаева «Қағаз журналға тыйым салудың мәні неде?» деген сұрақ қойды. Ал, бас мұғалім бұл мұғалімдердің қалауы деген уәж айтты.

Ерлан Сағадиев, ҚР Білім және ғылым министрі:

- Мұғалімдер мәліметтердің сақталуына сенімді болуы үшін осындай ұсыныс жасаған. Болашақта мұғалімдер оқушылардың алған бағалары қауіпсіз түрде сақталғанына көздері жеткеннен кейін, біз бұйрықты ауыстырып, осы пунктің күшін жоя аламыз.

Депутаттардың айтуынша, сандық жүйеге көшу жұмысты күрделендіріп емес, керісінше жеңілдетуі керек. Жалпы, Қазақстандағы мектептерде 11 оқушыға 1 компьютерден келеді.

Гүлнар Ықсанова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- 28 пайыз компьютерлердің тозығы жеткен. Мектептердің 62 пайызы кеңжолақты интернетке қосылған. Ал, 88 мектепте интернет мүлдем жоқ.

Ерлан Сағадиев  кеңжолақты интернет желісін тарту үшін биыл 15 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінетінін мәлімдеді. Депутаттар мұғалімдерді мәжбүрлі шараларға итермелеу деректерінің әлі де азаймай тұрғанын айтты.

Снежанна Имашева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Кей мектеп директорлары мұғалімдерді «Білім лэнд» сияқты білім беру ресурстарына кіруге міндеттеп қойыпты. Осылайша, өздерін ізденімпаз ұжымды басқарып отырғандай көрсеткісі келеді екен. Бірақ, мектептер арасында «Білім лэнд» ресурсын қолдану жиілігінде айтарлықтай айырмашылығы бар. Егер бір кезеңде бір мектеп осы жүйеден 14 мың лекция алса, екінші мектеп тек қана 300-ін алады екен.

Мұғалімдердің жалақысы қалай өсетіні де белгілі болды, жаңа оқу жылынан бастап мұғалімдер бірыңғай тестілеуден өткізілмек. Емтиханда 100 сұраққа жауап береді, оның 70 сұрағы пән бойынша болады. Тағы бір жаңалық, мектептерде информатика пәнін бірінші сыныптан бастап оқыту қолға алынбақ.

Индира БЕГАЙДАР

Хабарламаларға жазылу