Астанада «Жас көшбасшылар» форумы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада «Жас көшбасшылар» форумы өтті

23.10.2017

Еліміздің түкпір-түкпірінен ең озат оқушылар Астанаға келді. Ондағы мақсат - дәстүрлі «Жас көшбасшылар» форумына қатысу. Ауқымды да, салмақты шара биыл бірнеше күнге созылды. Оның аясында ілімі ілгері шәкірттерді Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев жеке қабылдады.

Министр оқушыларға білім саласындағы өзгерістер мен алдағы жоспарлар туралы айтып, бағыт-бағдар сілтеді. Бұдан кейін форумға қатысушылар Парламент сенаты мен мәжілісі ғимаратына да барды. Халық қалаулыларының жұмыс орын көріп, қызмет барысын бағамдады.

Сондай-ақ, оқушылар «Qazaqstan» телеарнасына келіп, телевидения саласынан да аз-кем ақпар алды. Жалпы, «Жас көшбасшылар» форумы осымен екінші рет ұйымдастырылып отыр. Биылғы тақырып - Рухани жаңғыру. Соның асяында 37 оқушы әлеуметтік тың жобаларын дайындап әкелген. Қорыта айтқанда, бұл форум - жастардың ілімін, танымын дамытып, замандастары арасында тәжірибе алмасуға негізделген.

Нұрбол Төлебаев, «Білім – инновация» халықаралық қоры президентінің кеңесшісі:

- Әр мектептің өзін-өзі басқару ұйымдары бар. Сол ұйымдардың басшыларымен кездесіп отырмыз. Осы жерден алған білімдерімен, осы жерден алған тәжірибелерімен олар өз мектептерінде замандастарымен осы тақырыпты талқылап, сол өздерінің деңгейлерін қалай дамыта аламыз, қалай деңгейлерін жаңа деңгейге шығара аламыз. Осы мәселеде біз жұмыс істейтін боламыз.

 

Азамат НҰҒЫМАНОВ

Хабарламаларға жазылу