Мереке қарсаңында тағы екі білім ошағы пайдалануға берілді. Осы екеуімен қаладағы мектептердің жалпы саны 86-ға жетеді.
Ал, 1998 жылы небәрі 44 мектеп қана болатын. Өсім екі есе.
Бұл - №38 мектеп лицейі. Биыл 15 жылдығын атап өтеді.
Жамал Базарқұлқызының басшылығымен соңғы 10 жылдан бері «Астананың көшбасшы мектебі» атағын ешкімге берер емес.
Былтыр атақты Business Initiative Directions компаниясының «Алтын тәж» жүлдесіне ие болды.
ҰБТ-ның қорытындысы бойынша да алда келеді. Орташа балы - 107,1. Мектеп бітірген 77 баланың 4-еуі ғана 95 балл жинаса, қалғаны 105 балдан кем алмаған.
Мектеп директоры бұл жетістіктердің барлығын Елбасының берген батасымен байланыстырады.
Жамал Қасымбек, №38 мектеп-лицейінің директоры:
Бұл мектепті 1999 жылдың 1-қыркүйегінде Елбасының өзі келіп ашқан болатын. Елбасының тапсырмасымен ашылған алғашқы мектеп бұл. Өзі келіп осы мектепке батасын беріп, ұстаздар, ата-аналар және оқушылармен сұхбаттасып, жақсы тілектерін айтқан болатын. Сол бата мен ақ тілектің нәтижесі шығар, мектебіміздің республикадағы таңдаулы мектеп деген атағы бар.
Астана ауысқан алғашқы жылы шаһарда 44 мектеп болса, қазір 90-ға жуықтады. Оқушылардың саны сол кездегі 45 мыңнан 95 мыңға бір-ақ өсті.
Ішкі миграцияның есебінен жыл сайын бас қалаға 5 мың оқушы келеді екен. Демек, мектеп салу ісі алдағы уақытта да жалғасатын болады.
Эльмира Суханбердиева, Астана қаласы Білім басқармасының басшысы:
Жаз сайын Астанаға 5 мыңнан астам оқушы келеді. Бұл дегеніңіз, былайша айтқанда, жаз сайын үш мектеп керек деген сөз. Біз 2015 жылы 8 мектепті пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Ал, қала күні қарсаңында жаңадан екі мектептің тұсауы кесіледі.
Досымжан Ермұрат, тілші:
Астана күні қарсаңында пайдалануға берілетін екі мектептің біреуі - осы. Сол жағалауда Шәмші Қалдаяқов көшесінің бойында орналасқан. 85-ші мектеп болып тіркеледі екен.
Қазір мұғалімдерді іріктеу жұмыстары жүріп жатыр. Мұнда қыркүйектен бастап, 1200 бала білім алады.
Досымжан ЕРМҰРАТ