Қазақстанда 24 мыңдай адам туберкулезге шалдыққан - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанда 24 мыңдай адам туберкулезге шалдыққан

04.03.2014
Қазақстанда 24 мыңдай адам туберкулезге шалдыққан
Қоғам құрт ауруынан айықпай тұр. Әлемде жыл сайын 8 миллион адам осы дертті жұқтырып, оның 2 миллионға жуығы қайтыс болады. Ал, біздегі статистикалық көрсеткіш төмендегенімен, әзірге көңіл қуантпайды.
 
Қазақстанда 24 мыңдай науқас тіркеуде тұр. Тіркелмегені қаншама. Өйткені, халықтың көбі өздігінен медициналық тексеруден өтпейді. Аурудың өршуіне осы салғырттық та бір себеп болып отыр. Кәрі-жасты талғамайтын ғасыр дертімен біздің дәрігерлер қалай күресуде?
 
Зейнеп Сәрсенбаева осы жасқа дейін ауру атаулының не екенін білмей келген. 70-тен асқан шағында құрт ауруы төсекке таңып тастады.
 
Зейнеп Сәрсенбаева, науқас:
Бұрын болмаған. Екі айдай жөтелдім де, рентгенге түстім, қаралу керек деді. Сәл жақсарып қалдым.
 
Біздегі турберкулезбен ауыратындардың 40 пайызы жұмыссыз жүргендер, 10 пайызы қаңғыбастар екен. Басты проблема да осы. Өйткені, олардың ешқайсысы құлан-таза айығып кетуге аса құлық таныта қоймайды.
 
Ауруханаға жетектеп әкелмесе, өздігінен келмейді. Ал, туберкулездің ашық түріне шалдыққан науқас бір мезгілде кемі 15 адамға ауру жұқтырады.
 
Шынар Асанқызы, тілші:
Ауруханаға түскен науқастың анализі ең алдымен осы зертханаға жеткізіледі. Мұнда мына тәрізді микроскоптардың көмегімен оның ағзасында туберкулез таяқшасы бар ма, жоқ па, сол анықталады. Және осы тәрізді заманауи құрылғылардың арқасында оның туберкулездің қай түрімен ауыратыны және аурудың қандай деңгейде екендігі небәрі екі-ақ сағатта белгілі болады.
 
«Женэксперт» деп аталатын бұл қондырғы Астанаға өткен жылы жеткізілді. Бұған дейін анализ қорытындысы кемі 1 жарым екі айда анықталатын. Ауруды уақытында ауыздықтау, статистикалық көрсеткіштің төмендеуіне айтарлықтай әсер етіпті.
 
Бейбіт Бұлдыбаев, Астана қалалық Туберкулезге қарсы диспансердің бас дәрігері:
2012 жылдың ішінде 847 адам ауырған. Былтыр 594 адам шалдыққан, яғни 32 пайызға азайған.
 
Құрт ауруы иммунитеті әлсіз, салауатты өмір салтын сақтамайтын жандарға өш. Бір ғана дәлел еліміздегі туберкулезге шалдыққандардың 20 пайызы темекі тартатын жандар. Мамандар дертпен күресудің алдағы бесжылдық бағдарламасын әзірлеп шықты. Құжат Үкімет қарауына жіберілді. Онда дертке шалдыққандардың әлеуметтік-материалдық жағдайын жақсартуға қатысты бірқатар мәселе қарастырылған.
 
Бейбіт Бұлдыбаев, Астана қаласы Туберкулезге қарсы диспансердің бас дәрігері:
Бұрын туберкулезбен ауырғаннан кейін соңғы дәрі-дәрмекке дейін ішпесе, оларды жұмысқа жібере алмаймыз. Негізінде 2-3 айдан кейін жан-жағына ешқандай залалы жоқ. Сондықтан денсаулығы жақсарғаннан кейін дәрі-дәрмекті  іше жүріп, жұмыс істей беруіне болады ғой. Сондай өзгерістер күтіп отырмыз.
 
Еліміздің барлық өңірінде 24 наурызға дейін ашық есік күні жарияланды. Кез келген қала тұрғынының маман кеңесін алуға, тегін тексерілуге мүмкіндігі бар.
 
 
 
Шынар АСАНҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу