Отандық балабақша тәрбиешілерінің жағдайы алаңдатарлық. Басым бөлігінде жоғары білім жоқ. Астанада қызмет ететіндердің 7 пайызы ғана жоғары білімді. Бұл деректерді бүгінгі алқа мәжілісінде Білім министрінің өзі жариялады.
Алдымен, мектепке дейінгі және орта білім. Мектептердегі білім беру стандарты Назарбаев зияткерлік мектебі тәжірибесі негізінде жаңарады. Барлық білім басқармасы басшылары мен мектеп директорлары қайта даярлық курсынан өтеді.
Өзекті мәселе - тозығы жеткен мектептер. 1400-ге жуық мектеп күрделі жөндеуді қажет етсе, оның тек 450-ге жуығы жөнделген.
Аслан Сәрінжіпов, ҚР Білім және ғылым министрі:
2011-2012 жылдары салынған жаңа мектептердің жартысынан көбінде олқылықтар анықталған. Атырауда 10 пайыз, Қызылорда облысында 9 пайызы мектептер апатты жағдайда. Биылдан бастап министрлік облыстық білім саласын бақылау бөлімдерімен бірігіп, білім беру нысандары құрылысын қатаң бақылауға алады.
Наурыз Байқадамов, Қызылорда облыстық Білім беру басқармасының басшысы:
Осы 22 мектепке талдау жасалып, бүгінгі таңда барлық құжаттары рәсімделіп, қаржы мәселесі шешілді. 2015 жылдың соңына дейін бүкіл апатты мектептің орнына жаңа мектептер салынады.
Енді балабақша мәселесі. Бұл жердегі мамандардың 20 пайызының ғана жоғары білімі бар. Бір ғана мысал бүлдіршіні көп бас қаладағы балабақшалардағы қызметкерлердің тек 7 пайызы жоғары білімді. Биыл осы саладағы мамандықтарға мемлекеттік тапсырыс көбейеді, бар мамандардың біліктілігін арттырады.
Аслан Сәрінжіпов, ҚР Білім және ғылым министрі:
Балабақшаларда мәселе көп. Оларды лицензиялау тоқтатылғаннан кейін балабақша саны көбейіп кетті. Біз кейбір қалаларда қанша жаңа балабақша ашылғанын да білмейміз. Сондықтан, білім саласын бақылау комитетінің құзыреті кеңейтіледі. Яғни, олар балабақшаларды да бақылайтын болады.
Ғылым саласы. Барлық ғылыми зерттеу институттары мен жоғары оқу орындары жанынан ұжымдық басқару тетігі енгізіледі, олардың құзыреті кеңейеді.
Сондай-ақ, ғылыми зерттеу институттары PhD докторларды даярлай бастайды. Бұл жаңашылдықтарды енгізу үшін алдымен, заңнама реттеледі. Ендігі әңгіме, осы жұмыстар бастала салып, орта жолдан тасталмаса болғаны.
Дулат АБИБУЛЛАЕВ