Алматыда жанкүйерлер Юлия Галышеваны әуежайдан күтіп алды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда жанкүйерлер Юлия Галышеваны әуежайдан күтіп алды

20.02.2018

Пхёнчхандағы XXIII қысқы Олимпиада ойындарында қола жүлдеге ие болған Юлия Галышеваны Алматы халықаралық әуежайынан жанкүйерлері зор құрметпен күтіп алды.

Спортшы осыншама ыстық ықылас танытқан отандастарына алғысын білдірді. Төрткүл дүние көз тіккен додада Туымызды көкке көтерген спортшының жүлдеге ілінуі оңай болған жоқ. Қарсыластары сайдың тасындай кіл мықты еді. Сондықтан, Юлия тынымсыз дайындалған. Соның арқасында болашақта фристайлдың могул түрімен айналысамын дегендерге жол ашты. Айта кетейік, бұл Пхёнчхандағы ел қоржынына түскен алғашқы және әзірге жалғыз медаль.     

Юлия Галышева, XXIII Қысқы Олимпиада ойындарының қола медаль иегері:

- Сочиден кейін бапкеріммен және командамен бірге осы медальға 4 жыл дайындалдық. Әрине, алтын үшін барымызды салдық. Әрбір спортшы, бапкер сол үшін ұмтылады. Дегенмен, қола медальға қол жеткіздік. Бұл - біз үшін үлкен бақыт.

 

Нұрлан АСҚАРҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу