Қазақстандық боксшылар әлемдік аренада - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстандық боксшылар әлемдік аренада

02.10.2018

Соңғы кездері кәсіпқой бокс әлемі қазақ былғары қолғап шеберлерін танып, мойындай бастады. Үлкен бизнес пен спорт тоғысқан бұл саланың даму бағытын айшықтап отырған ірі компаниялар біздің боксшылармен келісім жасап, үлкен жарыстарға қосуда. Солардың бірі жерлесіміз Жәнібек Әлімханұлы. Ол өзінің кәсіпқой бокстағы үшінші жеңісіне қол жеткізді. АҚШ-тың Окленд қаласында өткен бокс кешінде колумбиялық Карлос Галванмен кездескен. Орта салмақтағы жекпе-жек алты раундқа созылып, төрешілер жеңісті біздің Жәнібекке берді.  

Жәнібек Әлімханұлы, кәсіпқой боксшы:

- Америкадағы алғашқы жекпе-жек болғаннан кейін толығымен істеп шыққым келді. Өйткені, жекпе-жекке шықпағалы көп болды. Толығымен өнерімді көрсетіп, өзімді сынап, аяқта жұмыс істеп, стилімді шыңдағым келді. Аллаға шүкір, бәрі де ойдағыдай өтті.  

Ал, отандасымыз Геннадий Головкин мексикалық Сауль Альвареспен тағы бір қарымта жекпе-жек өткізуге ниетті. Бұл туралы халықаралық бокс кеңесінің президенті Маурисио Сүлейман айтты. Алайда, оған дейін қос боксшы басқа спортшылармен кездесуі ықтимал. Канело 15 желтоқсан күні шаршы алаңға қайта оралмақ. Оның қарсыласы канадалық Давид Лемье болуы мүмкін. Ал, сарапшылар пікірінше, Геннадий Головкин IBF тұжырымы бойынша белбеуін қайтару үшін Деревянченко мен Джейкобс арасындағы айқастың жеңімпазымен жұдырықтасады. Алайда, отандасымыздың бапкері айтқандай Головкин 2018 жылы рингке оралуды жоспарлап отырған жоқ.

Тағы бір қазақстандық боксшының жұлдызы жанып келеді. Бұл жолы қыздар арасында. Аида Сатыбалдинова Мексикада өткен бокс кешінде мексикалық қарсыласын екінші раундта сұлатып тастаған. Бұл оның кәсіпқой алаңдағы 4-ші жеңісі. Аиданың ауыр соққылары үшін оны бокс әлемінде «әйелдер арасындағы GGG» атап кеткен. 

 

Шерхан ЖАМБЫЛҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу