Бүгін Астанада Қазақстан бокс федерациясының кубогы үшін өтетін VII маусымдық жарыстардың жеребесі тартылды. 16 облыс, Астана және Алматы қалаларының командалары төрт топқа бөлініп, жарыс өткізетін облыстар мен қалалар белгілі болды.
Айта кетейік, жеребені Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев пен әлем чемпионы Данияр Елеусінов тартты.
«Барлық командалар мықты. Бірақ, ең мықтылары жеңіске жетеді. Биылғы кубоктың ерекшелігі - жеңімпаз командаға 25 млн теңге беріледі. Яғни, кубоктың биылғы жүлде қоры 25 млн теңгені құрайды және оны бірінші орын алған команда ғана алады. Келесі жылы жүлде қорын алғашқы үш орын алған командаға бөлу мәселесін қарастырамыз»,-деді жеребе тартылып біткен соң, журналистермен әңгімелескен Қазақстан Бокс федерациясы ұлттық құрама командаларының координаторы, ҚР мемлекеттік жаттықтырушысы Болат Әбдірахманов.
Жалпы, жеребеге түскен аймақтар мен екі қаланың командалары төрт «корзинаға» бөлінген. Бірінші корзинадағы ОҚО, Астана қаласы, Алматы облысы мен Маңғыстау облысының командалары ең мықтылар деп саналды. Екінші себеттегі Жамбыл облысы, Алматы қаласы, Қарағанды облысы мен Ақмола облысының командалары жеңісі көп командалар қатарынан табылды. Үшінші корзинадағы Атырау облысы, Павлодар облысы, ШҚО мен Қызылорда облысының командалары орташа жетістіктері бар командалар болып саналды. Төртінші корзина - аутсайдерлер еді, яғни, СҚО, Қостанай облысы, БҚО мен Ақтөбе облысының командалары аутсайдерлерге қосылған.
Ал, Серік Сәпиев пен Данияр Елеусінов тартқан жеребе қағаздарына сай, осы командалар «А», «С», «В» және «D» топтарына бөлінді.
Сонымен, Алматы облысы, Шығыс Қазақстан облысы, Солтүстік Қазақстан облысы мен Алматы қаласының командалары «А» тобына түсті.
Маңғыстау облысы, Жамбыл облысы, Павлодар облысы мен Ақтөбе облысы «B» тобында бокстасатын болды.
«С» тобында Қарағанды облысы, Қызылорда облысы, Қостанай облысы мен Астана қалаларының командалары күш сынасады.
Оңтүстік Қазақстан облысы, Ақмола облысы, Атырау облысы мен Батыс Қазақстан облысының командалары «D» тобына жайғасты.
«А» тобындағы командалардың жарысы Талдықорған қаласында өтетін болды.
«В» тобының командалары Ақтауда, «С» тобындағы командалар Қызылордада, D тобының командалары Көкшетау қаласында бокстасады. Жарыстың ширек финалы 8-11 қыркүйек аралығында, жартылай финалы мен финалы 14-15 желтоқсан күні өтетіні белгілі болды.