Франция футбол әлемінің серкесі. Финалдағы қызықтар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Франция футбол әлемінің серкесі. Финалдағы қызықтар

16.07.2018

Франция футбол әлемінің серкесі. Финалдық бәсекеде Хорватия құрамасын тізе бүктірген үш жолақтылар құрамасы әлемнің екі дүркін чемпионы атанды.

Ақтық матчтың тоқсан минуты тұтас чемпионаттың шағын көрінісі, ең бастысы, лайықты нүктесі болды. Кездесу барысында барлығы алты доп соғылды. Оның біреуі автогол, біреуі пенальти. Айып добын белгілеу үшін төреші Нестор Питанаға тағы бір мәрте видео көмекшіге жүгінуге тура келді. Чемпионат бойы жанкештілік үлгісін көрсеткен Хорватия құрамасы да барынша тырысқанмен, француздардың асығы алшысынан түсті. Екінші таймда Поль Погба мен Киллиан Мбаппе соққан екі доп Францияны екінші чемпиондық атаққа мейілінше жақындатты. Ал, хорваттардың күші тағы бір гол соғып, есепті 4-2 қылуға ғана жетті. Тұтас чемпионаттың қорытындысы бойынша Хорватия құрамасының лидері Лука Модрич ең үздік ойыншы атанса, француздардың жас шабуылшысы Мбаппе ең үздік жас футболшы атағын еншіледі. Бұл ойын барысында Францияның жаттықтырушысы да ерекшеленіп, Әлем чемпионатын футболшы ретінде де, бапкер ретінде де жеңіп алған үшінші адам атанды.

 

Маралбек САҒЫНҒАНОВ

Хабарламаларға жазылу