Бүгін «Kazsport» телеарнасынан «The Best FIFA Football Awards 2016» марапаттау рәсімін тамашалаңыздар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін «Kazsport» телеарнасынан «The Best FIFA Football Awards 2016» марапаттау рәсімін тамашалаңыздар

09.01.2017
Бүгін «Kazsport» телеарнасынан «The Best FIFA Football Awards 2016» марапаттау рәсімін  тамашалаңыздар

Бүгін, 9 қаңтар күні сағат 23:25-те «Kazsport» телеарнасы «The Best FIFA Football Awards 2016» шарасын тікелей эфирден көрсетеді.  

Әлем футболы үздіктерінің номинанттары 2016 жылдың аяғында толық анықталған еді. Марапаттау рәсімі ФИФА штаб-пәтері орналасқан Щвейцарияның Цюрих қаласында өтеді.

«2016 жылдың үздік футболшысы» атағына «Kazsport» телеарнасы көрсететін Испания чемпионатының үш өкілі үміткер. Олар – France Football басылымының «Алтын доп» сыйлығына ие болған мадридтік «Реалдың» шабуылшысы Криштиану Роналду, каталониялық «Барселонаның» шабуылшысы Лионель Месси және жуырда ғана Францияның үздік футболшысы атанған мадридтік «Атлетиконың» жас жұлдызы Антуан Гризманн.

Қыздар арасындағы «Үздік футболшы» атағына 2015 жылғы әлемнің үздік ойыншысы – америкалық Карли Ллойд, 2016 жылғы Олимпиада чемпионы – Германия құрамасының футболшысы Мелани Берингер және әлемнің бес мәрте үздік ойыншысы атанған бразилиялық ару - Марта үмітті.

«Ерлер командаларының үздік бапкерлері» үштігіне «Лестер» командасымен Ағылшын Премьер-Лигасында сенсация жасаған италиялық Клаудио Раньери, Ұлттық құрамасымен Еуропа чемпионатында жеңіске жеткен португалиялық Фернанду Сантуш және «Реалмен» Чемпиондар Лигасында жеңіске жеткен француз Зинедин Зиданның іріктелгені белгілі.  

9 қаңтар күні үздік әйелдер командаларының жаттықтырушысы да анықталады. Джилл Эллис (АҚШ құрамасы), Сильвия Найд (Германия құрамасы) және Пиа Сундхаге (Швеция құрамасы) үштігінде басым дауыс жинаған бапкер «2016 жылдың үздік жаттықтырушысы» атанағына ие болады.

Сондай-ақ, гала-шоу ұйымдастырушылары ФИФА ұйғарымы бойынша 2016 жылғы үздік голдың авторын, «Fair Play» сыйлығының лауреатын және үздік жанкүйерлерді марапаттайды.

Хабарламаларға жазылу