20 жылда Астана 2 мыңнан аса ғимарат бой көтерді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

20 жылда Астана 2 мыңнан аса ғимарат бой көтерді

14.06.2018

Кескіні мен келбеті келіскен Астана 20 жылда өсіп-өркендеп мегаполиске айналды. Елордаға еліміздің әр түкпірінен жылда мыңдаған адам арман қуып келеді. Халық санының артуынан қаланың аумағы да ауқымдана бастады. 1998 жылдан бері шаһарда жүздеген көше мен ғимарат, ондаған ірі ойын сауда орталығы, тіпті жаңа аудандар пайда болды. 20 жылда бас қала қаншалықты кеңейді?

Сарыарқаның сары даласына салынған жаңа қалаға қызықпайтын жан кемде кем. Ал, 20 жыл бұрын Астананың сол жағалауындағы көрініс осындай болыпты. 1997 жылдан бері шаһардың аумағы шамамен 20 мың гектар ғана болған. Қарқынды құрылыстың арқасында ен далада елорда бой көтерді. Сәулетті ғимараттар мен тұрғын үйлердің саны жыл сайын артып Астананың қазіргі аумағы 70 мың гектардан асты.

Бас қаланы Алматыдан Арқаға көшірерде шағын шаһардағы тұрғындардың саны 200 мыңға жетер жетпес еді. Астанаға алғаш рет ат басын бұрған билікпен бірге мыңдаған адам еріп келді. Сол көш әлі тоқтамады. 20 жылда халық саны бір миллионнан асты. Астаналықтардың қатары артқан сайын қаланың көлемі де кеңейіп келеді. 1997 жылдан бері Астана 3,5 есе өсті.

Асхат Садуов, Урбанистика орталығы директорының орынбасары:

- Астанада жылына 2 миллион шаршы метр пәтер беріледі. Қаланың аумағы қаншалықты кеңейіп жатқанын шамалай беріңіздер. Жылына 50 мың адамға көбейіп жатырмыз. Шаһардың өсу қарқыны өте жоғары. Халық санының көбеюінен инфрақұрылым дамиды. Біздің ендігі мақсат - 2030 жылға қарай 2 миллион тұрғынға жағдай жасау.

20 жылда Астанада 2 мыңнан аса ғимарат бой көтерді. Жаңа нысандардың дені қаланың сол жағалауына тұрғызылған. Қазір қаладағы көше мен жолдарың жалпы ұзындығы 1028 шақырым. Шаһарда 27 шақырым веложол бар. Көлік өтетін үлкен кіші 20 көпір салынды. Жаяу жүргіншілерге арналған жерасты жер үсті 11 жол төселді.

Марат Кәкімов - Астананың аумағын кеңейтуге атсалысқан құрылысшылардың бірі. Елордаға бастапқы көшпен қоныс аударды. Сол жағалаудағы ғимараттардың кірпішін алғашқы қалаған жандардың бірі. Ерке Есілдің арғы бетіндегі қамысты далада сәулетті ғимараттар болады дегенде көбі күмәнмен қарады. Бірақ, құрылысшылар барлық кедергіге қарамастан сол жағалауда жаңа қала тұрғызды. Марат аға сол кездегі қиыншылықтарды тебірене еске алады.

Марат Кәкімов, құрылысшы:

- Құрылыс материалының жетіспеушілігі. Ауа райы да сол кезде салқындау болды. Қаңтар-ақпан айларында ауа температурасы кей кездері – 35-40-қа дейін түсетін. Бірақ, ешқандай құрылыстың қарқыны төмендеген жоқ. 

Бір сәтке де тоқтамаған қарқынды құрылыстың арқасында Астананың сол жағалауы пайда болды. Елорданың маңынан жасыл желекті орман алқабы да жасалды. Марат аға Астанаға көшкеніне еш өкінбейді. Ұрпағының осы қалада дүниеге келгенін мақтан тұтады.

Марат Кәкімов, құрылысшы:

- Астананың құрылысына біраз үлес қосқан сияқтымын. Енді немерелерім Астананы менен де жоғары деңгейге көтерсе деген арманым бар.

 

Бақытжан ОМАР

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Play Market сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу