Баян Балтабайқызы еңбек жолын толығымен Ұлттық арнаға арнаған жан - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Баян Балтабайқызы еңбек жолын толығымен Ұлттық арнаға арнаған жан

13.03.2018

Телевизияны кәсіп емес, өнер деп санайтын диктор қыз. «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасында 30 жыл үздіксіз қызмет еткен телевизия тарланы. Кеңестік дәуірде орталық телевизия эфирінен шыққан санаулы қазақ дикторларының бірі - Баян Секербаева. Экранға сонау 80 жылдардың соңында келіп, кейін Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Президент сапарларынан ақпарат таратқан Баян Балтабайқызын көрермендер ешқашан ұмытпақ емес. Қазақ телевизиясының  60 жылдық мерейтойы қарсаңында телеарнаның құрметті қызметкерлері туралы бейнематериалдар легін жалғастырамыз. Бүгінгі кейіпкеріміз - Баян Секербаева.

25 жыл бұрынғы кадрлар. Баян Балтабайқызы  Қазақ телевизиясына кездейсоқ келген жоқ. Жастайынан заңгер болуды армандап, кейін физика-математика мұғалімі мамандығын алды. Кішкентайынан  қара сөздің шебері, Целиноград педагогикалық институтының студенті 1986 жылы дикторлар байқауына қатысып, топ жарды.  Қазақ телевизиясының майталманы атанған  Баян Секербаеваның шығармашылық жолы осылай басталды.

1988-1989 жылдары Баян Секербаева бастаған бірнеше қазақ қызы Мәскеудегі телерадиоинституттың дикторлар даярлайтын курсынан өтіп, сол кездегі орталық телевидениенің эфиріне шықты. Үлкен мектептен өткен диктор осыдан кейін Алматыға Қазақ телевизиясына шақыру алып, сол жерде біраз жыл жұмыс істеді.

Ал, 1997 жылы Баян Балтабайқызы Алматыдан туған жері Астанаға оралды.  Диктор болмаса да эфирден алыстаған жоқ. Тілші болып түрлі тақырыптарды қозғады.  Президенттің шетелдік ресми сапарларынан ақпарат таратты.

Баян Балтабайқызы еңбек жолын толығымен Ұлттық арнаға арнаған ерекше жан.  30 жыл бойы экран мен эфирде, редакцияда көрермендер үшін қызмет етті. Қазіргі жаңалықтар қызметін ұйымдастыруға атсалысты. Ардагердің еңбегін көрермендер мен Ұлттық арна ұжымы ешқашан естен шығармайды.

Дулат АБИБУЛЛАЕВ

Хабарламаларға жазылу